Кәрім Мәсімовке қатысты істің мән-жайы белгілі болды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әмірханов қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов те жұмысқа келгенін айтты. Бірақ ол экс-төраға қандай тапсырма бергенін айтпады.
Журналистер Әмірхановтан Кәрім Мәсімовтің қамауда ұстау мерзімі қашанға дейін ұзартыла беретінін сұрады.
"Күзге қарай айқын болады деп ойлаймын", - деді ол.
Сол уақытта сот өте ме деген сұраққа "иә" деп жауап берді. Соттың ашық не жабық өтетінін сот органдары анықтайтынын айтты.
"Менің білуімше, іс материалдары құпияланған. Сол себепті жабық өтуі де мүмкін. Мұны енді сот органдары анықтайды. Өйткені ол жерде мемлекеттік құпия бар", - деді Әмірханов.
Сондай-ақ, журналистер қаңтар оқиғасын тергеу қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін сұрады.
"Іс жүргізу бойынша үш айға ұзартуға құқығымыз бар. Әр үш ай сайын. Жоқ, бұл жылдарға созылмайды. Бірақ өте ауыр мәселе, тағылған айыптар ауыр", - деді ҰҚК төрағасының орынбасары.
Ол қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың аты-жөні неге әлі күнге дейін жарияланбағанын түсіндірді.
"Оларды санатқа бөлу керек, кім қалай қаза болды. Біреу тонауға қатысқан, біреу шабуыл жасаған, біреу абайсызда қаза болған", - деп қосты ол.
Бұған дейін Асқар Әмірханов ҰҚК төрағсының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштен де жауап алынып жатқанын мәлімдеді.