"Өз ақшам, өзім білемін": Қарағандылық зейнеткер полицейлерге сенбей, ақшасын алаяқтарға аударып жіберген
Қарағандыда полицейлер мен банк қызметкерлері зейнеткерді тоқтатып, оның телефон арқылы алаяқпен сөйлескеніне сендіруге тырысты. Алайда егде жастағы тұрғын оларға сенбей, қомақты қаржыны алаяқтарға аударып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
Полиция департаментінің дерегінше, 78 жастағы әйел телефон соққан алаяққа сеніп, 750 мың теңге аударған.
Видеокадрда зейнеткер әйел полицей мен бакн қызметкерінің сөзіне иланбағанын көруге болады.
“Өз ақшам, өзім білем. Сонша жылдан бері алып жүрмін. Бұл менің жеке ақшам. Неліктен сендер менің ақшама қызығып жатсыңдар? Не үшін арыз жазуым керек?” – деді зейнеткер.
“Полиция мен банк өкілдерінің өтінішіне қарамастан, әйел “өз ертегісіне” сеніп, ақшаны аударған. Айлакер алаяқтық жолмен оның ақшасын алып, алдап кеткен. Болған оқиғаның ауқымын түсінгеннен кейін ғана белгісіз тұлғаны жауапқа тарту туралы арыз жазған”, – делінген хабарламада.
Полицейлер банк қызметкерлері мен құқық қорғау қызметі телефон соғып, банк картасының мәліметтері мен SMS кодтарын сұрамайтынын еске салды.
Еске салайық, 29 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтар ер адамды алдап, атына несие рәсімдегенін жаздық. Желіде несие рәсімдеу барысындағы ер адамның суреті тарады. Суретте ер адамның көзін біреу қолымен күштеп ашып тұрғанын байқауға болады. Бірақ ер адам осы қалпында сәйкестендіруден сәтті өткен.