Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтар атыңыздан несие рәсімдесе не істеу керек – Маман жауап берді

Алаяқтар атыңыздан несие рәсімдесе, оны төлемеу керек. Бірден несиені рәсімдеген банкті немесе қаржы ұйымын анықтап, оларға шағым жолдаған жөн. Тіпті компаниядан ішкі тексеріс жүргізіп, ақша айналымына қатысты құжаттарды ұсынуды талап етуге де толық құқығыңыз бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Атыңызда несие барын өзгеден білген жағдайда бірден сол қарызды рәсімдеген мекеменің атауын анықтау керек. Олардан келісімшарттардың көшірмесін, ақша аударылған есепшот туралы ақпаратты сұрап, өздерінде ішкі тескеріс ұйымдастыруын талап ете аласыз. Мамандар бұл талаптан бас тартса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіну қажет. Ондағы қызметкерлер шағымыңызды қабылдап, жөн сілтеуге міндетті.

“Е-өтініш порталы арқылы осы агенттікке шағым немесе сұрау жіберуіңізге болады. Яғни несиеге қатысты мәселе болса, кредитор міндетті түрде ақпарат беруі қажет. Өзгенің атына несие рәсімдеу – алаяқтықтың бір түрі. Сондықтан барынша сақ болған абзал”, – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Мұхаммед Бағдатұлы. 

Мамандар заңсыз қарызды дер кезінде анықтау үшін кредит жазбаларын бақылауда ұстауға кеңес береді. Мұндай ақпаратты бірінші кредиттік бюродан немесе халыққа қызмет көрсету орталығынан ала аласыз. Бұл қызметті онлайн алуға да мүмкіндік бар. Дегенмен алаяқтың тұзағына түсіп, шығынға батқан жағдайда бірден полицияға хабар берген жөн.

Сондай-ақ egov порталы арқылы несиеге тоқтау қоюға болады. Бұл қызметке жүгінсеңіз, не сіз, не бөгде адам атыңызға несие рәсімдей алмайды. Жалпы алаяқтар атыңызға несие рәсімдеп үлгермеуі үшін жоғалған құжатыңыздың орнына жаңасын алған жөн. Және жеке мәліметтер мен есепшотыңызды еш жерде жариялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ кез келген құжатқа қол қоймас бұрын әуелі ақпаратпен толық танысып алған абзал.

Талқылау