Қарағандылық ерлі-зайыптылар 6 баланы бауырына басты
Қарағандылық ерлі-зайыптылар балалар үйінен 6 қыз баланы асырап алды. Өздерінің 2 ұл және 1 қызын қосқанда 9 баланы тәрбиелеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ксения, Настя, Карина, Алина, Мария және Луиза есімді балалар үйінің тәрбиеленушілері ата-ана қамқорлығын сезінетін болды. Ал әп сәтте көпбалалы отбасыға айналып шыға келген қарағандылық Николай мен Татьяна қыздардың болашағына дұрыс бағыт беруді армандайды.
"Балалар үйінің тәрбиеленушілерін асырап алу қызымыз Нинельдің идеясы болды. Бала кезінен анасының жұмысына барып жүрген ол, көп ағайынды болуды армандайтын. Кейін жұбайыммен ақылдасып, бір бала жеткіліксіз деген ұйғарымға келдік. Осылайша, бірден алтауын асырап алдық", - деді қала тұрғыны Николай Соболевский.
"Балалар үйіндегі мен жұмыс істеген топқа Алинаны жақында асырап алатынымды айттым. "Қызым болады" дедім. Маша сол күннен өзгере бастады. Алинамен ұрысты. Ештеңе түсінбедім, өзімен сөйлесейін дедім. Сол кезде "мені де асырап алыңызшы" деп жылады", - деді Татьяна Соболевская.
"Ол маған құжаттарды көрсетті. Бұл жерден алып кетемін деді. Алина мен Машаның да бірге баратынын айтты. Кейін заттарымызды жинап, көшіп келдік", - деді отбасының асырап алған қызы Карина.
Ерлі-зайыпты Соболевтер бұған дейін де Анар есімді бойжеткенге қамқорлық жасаған. Ресми түрде асырап алмаса да, ата-ана махаббатына бөледі.
"Біз Анар есімді қызымызға ресми түрде қамқорлық жасамадық. Тек оған көңіл бөліп, жақсы көрдік. Мейірім сыйладық. Анар біздің балалармен қатар өсті. Жұбайым екеуміз қызымыздың бақытты болғанына қуаныштымыз. Қазір ол 37 жаста, тұрмыста, 4 баланың анасы", - деді Татьяна Соболевская.
Николай құтқару бөлімшесінде бас құтқарушы болып қызмет етеді. Қыз баланың өмірінде әкенің рөлі маңызды екенін түсінеді. Сондықтан да қорғансызға қамал боламын деп бекінген.
Шағын отбасыдан үлкен әулетке айналған шаңырақ енді үстел басында үбірлі-шүбірлі болып басқосуды армандайды.