Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният

Қарағандыда балалардың жаппай улануының себебін анықтау үшін анализ алынып, алдын ала нәтижесі белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Дәрігерлер балалардың жағдайын тексеру барысында тағы 2 бала іші ауырғанын айтты. Олар ауруханаға жеткізілді, мамандардың бақылауында. Балалар улануының ауырлығы интоксикация және тыныс алудың жеткіліксіздігімен байланысты. Осы орайда зардап шеккен кейбір балалардың жағдайы өте ауыр болып тұр. Дәрігерлер ауру салдарымен күресіп жатыр", - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, қазір бүкіл қажет талдаулар алынып жатыр. 

"Алдын ала болжам бойынша, тағам токсикоинфекциясы диагнозы күмән тудырады. Осыған дейінгі бақылау барысы көрсеткендей ішек инфекциясына ұқсамайды. Ол бойынша алдын ала анализ нәтижесі теріс. Қазір анализдер нақтыланып жатыр", - дейді ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 30-31 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алып жатқан 12 мүгедектігі бар бала Қарағанды қаласының көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды.

Оның ішінде 2009 жылы туған бала қайтыс болды.

1 тамызда медициналық көмек көрсету үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан тағы 2 бала келіп түсті.

Осылайша қазіргі уақытта ауруханада 13 мүгедектігі бар бала ем қабылдап жатыр.

Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жоғарыда аталған 13 баладан басқа тағы 147 мүгедектігі бар бала тұрады.

Талқылау