Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларды да өлтіремін дейтін": Бұрынғы күйеуінің қолынан көз жұмған қарағандылық келіншектің жақындары мән-жайды айтты

Бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан қарағандылық Гүлмира Таймасованың туыстары өлім болған күні кешкісін марқұмды күдіктіден қорғамаған полицейлерді жазалауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден

Марқұмның әпкесі Айгүл Өмірзақова тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні кешке өздерімен бірге алып кеткенде, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді деп есептейді. Сондай-ақ ол марқұмның бұрынғы күйеуінің үстінен бірнеше рет арыз жазғанын, алайда полиция тарапынан ешқандай шара қабылданбағанын айтты.

"Сол күні кешке ұлы әкесі анасын ұрып жатқанын көріп, полиция шақырды. Полиция қызметкерлері келді, марқұм бұл адамнан 30 күн бойы қорғауды сұрап өтініш жазған. Бірақ олар өтініш жаздырып алғанымен, күйеуін өздерімен бірге алып кетпеген. Сіңлім өздерімен алып кетуін өтінген. Күйеуі оны полиция кеткеннен кейін екі сағатта өлтірді. Ол сіңлімді үнемі ұрып-соғып, қорқытып, балаларды шошытып кететін. Қанша шағым жазса да, бір де бір рет жазаланған жоқ. 2022 жылы мен оның ұрып-соғып жатқанын көргенмін, сол кезде сіңлімді қолдағаным үшін мені қоса ұрып тастаған. Мұның бәрі балалар мен менің қызымның көз алдында болды. Содан кейін мен де оның үстінен арыз жаздым. Ұрып-соққан жерлерімді дәлел ретінде көрсеттім. Бастапқыда істі созып жүрді, кейін тоқтатып тастады. Біз онымен татуласқан жоқпыз, бірақ ол жауапқа тартылған жоқ. Қазір біз прокуратураға дейін барып, әпкемізді қорғап қалмағанымызға өкінеміз", – дейді Айгүл Өмірзақова,.

Марқұм Гүлмира Таймасова соңғы жылдары асханада жұмыс істеген. Ал күдікті – жүк көлігінің жүргізушісі. Екеуі 10 жыл бұрын ажырасқан екен, бірақ бірге тұрып келген. Марқұмның туыстарының айтуынша, әйел күйеуі түзеліп, қол көтеруді қояды деп үміттенген.



"Мен оның қызымды ұратынын білетінмін. Бір кездері біраз уақыт біздің қолымызда тұрды, сол кезде күйеу балам тіпті мені де ұрып тастаған. Ол өте ашушаң болды. Мен қызымнан “Шыдап жүре бересің бе” деп сұрағанымда "Балалар өсіп келеді, өзгеретін шығар. Оларды аяққа тұрғызу жалғыз өзіме қиын болады” дейтін. Соңғы жылдары екеуі ұрсыспасын деп, үйлеріне баруды қойдым. Оның үстіне қызым кейінгі кезде күйеуінен қорқатынын жиі айтатын. Күйеуі “Өлтіремін” деген сөзді жиі айтты. Қызымды ғана емес, балаларды да өлтіремін деп қорқытатын. Соңғы айда ол жұмысынан да шығып қалды, үйде бос жатты. Үйде жатып ішіп, кешке дейін жанжал шығарады. Сол күні кешке бір нәрсе болатынын жүрегім сезді. Немереме қоңырау шалып едім, ол мен уайымдайды деді ме, әлде әкесі маған тиіседі деді ме, ештеңе айтпады", – деді марқұмның анасы Рысбала Өмірзақова. 

Гүлмира Таймасова 28 сәуірде жерленді. Балалары қазір нағашы әжесінің үйінде тұрып, психологиялық көмек алып жатыр. Отбасына тегін заңгерлік көмекті Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары Ибрагим Садуақасов пен Арман Ягудинов көрсетеді.

"Күдіктіні Бишімбаев ісімен салыстыра отырып, тек кісі өлтіргені үшін емес, азаптау бойынша да айыптауға болады. Марқұмның әпкесінің айтуынша, ұрып-соғу жүйелі болған. Азаптау туралы баптың күшіне енгенін қалаймыз. Ал сол түні марқұмды күдіктіден қорғамаған полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін", – дейді Ибрагим Сәдуақасов.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда күйеуі балаларының көзінше анасын өлтірген дерек бойынша полицейлерге қатысты қызметтік тергеу басталғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау