"Танысқан кезде тәп-тәуір көрінген": Қарағандыда ер адам скрипкашы әйелді қомақты қаржыға алдап, тастап кеткен
Қарағандыда ер адам скрипкашыны алдап, ірі көлемдегі ақшасынан айырып, жазасыз жүр. Айжан Алжанова күдікті бастапқыда тәп-тәуір жігіт көрінген, онымен тіпті тағдырын байланыстырғысы келгенін жасырмайды. Оқиғаның қалай болғанын келіншек Время басылымына айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 2020 жылы болған.
“Менің жасым ол кезде 34-те еді. Былай жаман емес сияқтымын, бірақ тұрмысқа шыға алмай жүрдім. Сондықтан танысу сайттарында ер адамдармен сөйлесе бастадым. Русланмен қарым-қатынас осылай басталды.
Бірінші кездесуіміз жаңа жылдық мерекелерден кейін қалалық саябақта өтті. Серуендеу кезінде мен бірден салиқалы қарым-қатынас қажет екенін түсіндірдім. Ол да отбасын құрғысы келетінін айтты”, – деп еске алады Айжан.
Танысу барысында екеуі де бір-бірінің кәсібіне қызығушылық танытқан. Айжанның айтуынша, Руслан өзінің соттылығы бар екенін мойындағанымен, онысына мақтанған көрінеді. Айтуынша, ол ЭКСПО жобасында қаржы жымқырғаны үшін сотталған.
“Мамандығы бойынша заңгер, экономист екенін, ЭКСПО-да жұмыс істегенін, бәрін ұстап алғанын айтты. Шындығында, бұл оның кінәсі емес сияқты сөз сөйледі", – дейді әйел.
Айжанды бұл қатты мазаламаған көрінеді. Сыбайлас жемқорлықпен кім ұсталмай жатыр деп қатты уайымдамаса керек.
Айжан оған басына түскен жайсыз жағдайға қатысты шағымданып, көмек сұраған. Ол 3000 доллар тұратын скрипканы сатпақ болған екен. Әлдебір шебер оған тауарды басқа елге сатуға уәде берген, өйткені Қазақстанда кәсіби музыкалық аспаптарға сұраныс онша жоғары емес. Нәтижесінде делдал із-түссіз жоғалып кетіп, әйел скрипкасыз және ақшасыз да қалған.
Руслан құқық қорғау органдарындағы байланыстарын пайдалануға уәде беріп, бірақ бұл тегін болмайтынын айтқан. Біраз уақыттан кейін ол “қалыңдығына” әлгі адамның жеке деректерін және оның тұрғылықты жері туралы ақпаратты көрсеткендей болған. Бұл ретте ол қаскөйдің міндетті түрде ізделетінін және жасырынған елге өтініш берілетінін айтқан. Содан соң ол тергеушілерге 500 доллар сыйақы беру керектігін айтады.
“Менің қателігім – ашық ауыздығым. Кездесуден кейін бірден жақында пәтерімді сатқанымды және банктен сатып алушы ипотекасын аяқтап, ақшаны менің шотыма аударуын күтіп отырғанын айттым. Руслан бұған еш қызығушылық танытпағандай болды. Алайда жоғалып кеткен делдалды іздестіру қызметтерін төлеу үшін банкоматтан ақша алып жатқанда Руслан пәтерге ақша түскен-түспегенін сұрады. Осылайша менің алты миллион теңгем бар екенін біліп алды”, – дейді ол.
Скрипкашы әйелдің айтуынша, күйеу жігіт Қарағанды облысының Нұра ауданынан болып шықты. Оның ата-анасы да сонда тұрады екен.
“Пандемияның басталуы мен карантиндік шектеулерге байланысты мен олармен жазға жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым”, – дейді келіншек.
Ол кезде Руслан Айжанның үйінде бірнеше ай тұрып жүрген, түрлі сылтаулармен қомақты сома алып үлгерген.
Алғашында ол үй-жайды жөндеу арқылы күн көремін деп, еден құю үшін қымбат сорғы сатып алған. Біраз уақыттан кейін Алматыдан медициналық маскалардың үлкен партиясын алып, қайта сататынын айтып тағы ақша алған. Былайша айтқанда әйелді ойдан шығарған өтірігіне әбден тойдырған.
"2020 жылдың сәуір айында мен одан жүкті болдым, сондықтан қалыпты өмір басталатын шығар деген үмітпен ұзақ уақыт бойы өзімді тежеп жүрдім. Нұра ауданындағы ата-анасына бардық. Русланның анасы маған орамал тақпақшы болды, бірақ әкем күйеу жігіт барлық ақшаны маған қайтармайынша той болмайтынын айтты”, – дейді Айжан.
- Апалы-сіңілілер байқаусызда бір-бірінің жігіттеріне тұрмысқа шыққан
- "Олар шын кінәліні ұстамады": 18 жастағы сарбаздың өліміне күдікті деп танылған әскеридің анасы жаңа деректермен бөлісті
Мамыр айында Алжанова сақтану мақсатында Русланнан қарызға алған ақшаны қайтаруға міндеттенетіндігі туралы келісім қағаз алады. Сома доллармен көрсетіледі. Алайда бұл ақшаны Айжанға ер адам қайтармаған. Содан кейін оның жеке басын Айжан жақсырақ зерттеуді шешеді.
Адвокаттардың көмегімен Айжан азаматтық некедегі күйеуінің қулық-сұмдықтары туралы мәліметтердің бетін ашты.
Белгілі болғандай, Русланның атында оннан астам атқарушылық өндіріс бар. Одан бөлек, жергілікті кәсіпорынның пайдасына 10 миллион теңге өндіріп алған, ол бойынша міндеттемесін орындамаған астаналық экономикалық соттың орындалмаған шешімі де бар. Сонымен қатар, Руслан 782 мың теңге мемлекеттік баж салығын төлемей, Борышкерлер бюросына жарты миллион қарыз болып қалған. Сондай-ақ, 2012 жылы өзінен туған баласына алимент төлеуі тиіс. Сонымен қатар бөліп төлеу арқылы алған 44 мың теңгелік тауарлық несиені төлемей жүргені белгілі болды.
Алайда Айжан Алжанова бірнеше рет көмек сұраған полиция мен прокуратура адамдардан ақша жымқырып жүрген алаяққа қатысты қылмыстық іс қозғауға негіз таппады деп отыр. Скрипкашы әйелдің мәліметтері бірнеше рет тіркелген, бірақ кейін тәртіп сақшылары тергеуді тоқтатып, қарағандылық қызға мәселені азаматтық-құқықтық жолмен шешуге кеңес берген.
Айта кетейік, Руслан алаяқтықты жазаның өзгеруіне байланысты пробация қызметінде есепте тұрған кезінде жасаған.
Айжан алаяқтың өтірігі жазасыз қалады және ол басқа адамдарды алдауды жалғастыра береді деп алаңдаулы. Ол Русланнан сот арқылы қарызды өндіріп алу мағынасыз деп есептейді, өйткені ол борышкерлер тізімінде және бұған дейінгі қарыздың бір тиынын да төлемеген.