Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда бір топ ер адам мүмкіндігі шектеулі баланың арбасын сындырып тастаған

Қарағандыда бір топ ер адам сал ауруына шалдыққан жасөспірімнің арбасын сындырып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото әлеуметтік желіден

Мүмкіндігі шектеулі жасөспірімнің анасы Зара Ахметованың айтуынша, бұзақылардың екеуі 17 жаста, қалғаны ересек ер адамдар. Олар ермек үшін ұлының арбасын сындырған.

Отбасы 9-қабатта тұрады екен, ал мүгедектер арбасын лифтке сыймағандықтан бірінші қабатта қалдыруға тура келеді. Кіре берісте бейнебақылау камерасы бар.

"Адамдардың адамгершілігіне үміттеніп, арбаны төменгі қабатта қалдырамыз деп шештім. Бұл – велосипед, тіпті балалардың шанасы да емес, мүгедектер арбасы. Арба өте қымбат, мен ерекше баланың анасы ретінде оны қазір сатып ала алмаймын. Көзіме жас алып, жүрегім ауырып жазып отырмын. Менің бір ғана сұрағым бар: бұл балаларды кім тәрбиелеген? Неге сонша қатыгез? Менің балам қазір таза ауада серуендеу сияқты кішкентай қуанышынан да айырылды", – делінген Зара Ахметованың жазбасында.

Жасөспірімнің анасының айтуынша, бұзақылар ұсталған, бірақ олар өз кінәларын мойындау былай тұрсын, не бүлдіргендерін де түсінбеген.

"Мен таңғалдым. Олар өздерін кінәлі деп санамайды. "Неге біздің арбаға отырдың?" деген сұрағыма "жай ғана отырғым келді” деп жауап берді. Жігіттер өздерін өте әдепсіз ұстады! Тіпті, бірі менің оларды Instagram парақшамда жариялауға қандай құқығым бар екенін сұрап, ашуланды. (...) Менің балам арбасыз өмір сүре алмайды, бірақ менімен ешкім хабарласып, кешірім сұрамады. Бесеуі полиция бөлімшесінен шығып, жай ғана кетіп қалды", – дейді әйел.

Қуанышқа орай, белгісіз біреу отбасына жаңа арба сыйлаған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада белгісіз ер адамның саңырау көлік жүргізушісін балағаттағаны туралы жазған едік.

Талқылау