Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда алаяқ жасанды интеллекттің көмегімен тұрғындарды алдап келген

Қарағандыда жасанды интеллекттің көмегімен тұрғынды 3 миллион теңгеге алдамақ болған алаяқ ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Polisia.kz

Қарағандыда 60 жастағы тұрғын 3 миллион теңгені интернет-алаяқтарға беріп жібере жаздады. Алайда полиция мен банк қызметкері оған көмектесті.  

Әженің WhatsApp желісіне мекеме басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алу үшін қызметкерлеріміздің есепшотын тексеріп жатыр деген хабарлама келген екен.

“Арада он бес минут өткен соң телефоныма белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырды. Есепшотым арқылы есірткі қылмысынан түскен ақша өтіп жатыр деді. Ол жеке сәйкестендіру нөмірді ешкімге айтпауымды сұрады. Осыдан кейін маған басқа адам қоңырау соғып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, менің атыма сегіз несие рәсімделгенін айтты. Сөйтіп басқа банктен несие алып, жиналған қарызды жабуға кеңес берді”, – дейді 60 жастағы тұрғын.

Әрі олар бұл туралы ешкімге айтпауын өтініпті. Олар әжеге телефон арқылы не істеу керек екенін нұсқап отырған. 

“Мен қаладағы банктердің біріне барып, 3 миллион теңге несие рәсімдеп, оны қолма-қол ақшамен алып кеттім. Содан кейін олар басқа банкке барып, WhatsApp желісіне жіберілген есепшотқа ақшаны жіберуді талап етті. Сол жерге барғанда банк операторы есепшоттың шетелде тіркелгенін айтты. Бұл маған күдік ұялатты. Сол кезде банктің бөлім бастығы не жағдай болғанын сұрады. Мен оған оқиғаны баяндадым. Кейін ол полиция қызметкерлерін шақырды”, – деді әже.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасына қарасты киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері тұрғынның банктен алған несиесін және есепшоттарын қайтадан жапқызып, оны алаяқтардың арбауынан аман алып қалды.

Қарағанды облысы полиция департаменті қала тұрғындарынан банк немесе құқық қорғау органынан деп белгісіз адамдар қоңырау шалса, бірден телефон тұтқасын қойып, полицияға хабарласуды сұрайды.

Талқылау