Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысындағы тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды

Қарағанды облысындағы тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды. Мұстафин ауылында газ баллоны атылып, үй иесі күйіп қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

“Ең бірінші баллон жарылған. Одан кейін газ келесі бөлмеге өтіп, жанып тұрған пештегі оттан тұтанған. Өрт сөндірушілер бірінші өрт болды дегенді айтады. Олай болуы мүмкін емес. Бекетте баллонды толтырғанда ішіндегі конденсатты шығармаған. Кеше күндізгі сағат 3-те толтырып әкелген, 7-де жарылды”, –дейді Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны Александр Плахотный.

27 литрлік газ баллоны үйдің кіреберісінде тұрған. Апат ошағына жақын жүрген 64 жастағы үй иесі оңбай күйіпті. Денесінің 75 пайызын күйік шалған ол хәл үстінде жатыр. Қайта арғы бөлмеде жүрген оның жұбайы мен екі немересіне жалын жетпей аман қалыпты. Олар қашып шыққан.

Баспананың, ішіндегі дүние-мүліктің сау тамтығы қалмаған. Көктемнің ызғарында отбасы далада қалды.

Апат орнын мамандар тексеріп жатыр. Екі пәтерлі жер үйдің аман қалған бөлігіндегі көршілері де қатты шошынып қалған. Айтуларынша, тұрғындар газ баллондарын кез келген бекеттен толтырады. Оны құзырлы органдар да, жергілікті билік те қадағаламайды.

“Біздің ауыл, Нұра станциясы, Тұзды ауылы, барлық тұрғындар газ баллондарын жанармай құю бекеттерінде толтырады. Жасыратын жоқ, ол жерден алу арзанға түседі. Ал кешегі күйімді айтып жеткізу мүмкін емес. Көршімнің үсті түгел жанып кетті. Жалаңаш күйінде есеңгіреп көшеде тұрды, түк болмағандай. Есеңгіреп тұрды-ау деймін”, – дейді Ғ.Мұстафин аулының тұрғыны Ирина Селютина.

Талқылау