Қарағанды облысында "оқушыларды жаппай қырамын" деп хабарлама таратқан 13 жастағы жасөспірім болып шықты
Қарағанды облысының полицейлері оқушыларды атамын деп хабарлама таратқан 13 жастағы жасөспірімді ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
“Қарағанды облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері атқарған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде облыс мектептерінде оқушыларды атамын деп хабарлама таратқан телеграмм-арнасының әкімшісі әрі авторын ұстады”, – делінген полиция хабарламасында.
Белгілі болғандай, 13 жасар Қарағанды қаласының тұрғыны әлеуметтік желіден терроризм тақырыбындағы ақпаратты көріп, "Очищение Караганды" деген атаумен өзінің тelegram-арнасын ашқан. Қолға түскен азамат облыс төңірегіндегі мектептерде терроризм актісінің дайындалуы туралы ақпарат таратқан.
Қазір телеграмм-арнасы өшірілді. Полиция қызметкерлерімен бұл қылмысқа шетелде жүрген адамдардың қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Құзырлы органдар шұғыл қызметтердің шығыны үшін залалды өтеу бойынша сотқа талап-арыз беріледі. Баланың ата-анасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Еске салайық, белгісіз біреулер қарағандылық оқушыларды атып өлтіретінін айтып жұртты дүрліктірген еді. Telegram желісінде тараған ақпаратта “10 ақпан күні Қарағанды мектептеріндегі балаларға оқ атамыз” делінген. Мұны көрген желі қолданушылары хабарламаның рас-өтірігін біле алмай әлек болған.