Қарағанды облысында із-түссіз жоғалған алты баланың әкесі туралы ақпарат үшін сыйақы тағайындалды
Қарағанды облысындағы Доскей кентінің тұрғыны екі апта бойы іздестірілуде. Алты баланың әкесі Өмірсерік Әлімқұлов Шұбаркөл көмір кенішіне жұмысқа кетіп, із-түссіз жоғалып кеткен. Туыстары ер адамның қайда жүргені туралы ақпарат үшін жарты миллион төлеуге дайын екендерін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өмірсерік Әлімқұлов 3 қыркүйекте жоғалып кеткен. Таңертең ер адам өз көлігімен жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Соңғы рет Қаражал қаласындағы таныстарына қоңырау шалған көрінеді. Содан бері одан жаңалық жоқ. Полиция мен туыстары тіпті тікұшақ пен квадрокоптер тартып іздеу жұмыстарын жүргізуде.
Өмірсеріктің көлігі Қаражал ауылының маңындағы далада сынған карбюраторымен бірге табылды. Автомобильдің багы бос болыпты. Көлікте азаматтың ноутбугі, жүксалғышында ешкім тиіспеген тамағы тұрған.
Туыстарының айтуынша, өзімен бірге бар болғаны 20 мың теңге болған. Биллинг жүйесі оның телефоны 8 және 9 қыркүйек күндері қысқа уақытқа қосылғанын көрсетті. Өмірсерік Әлімқұловтың алты баласы бар, әйелі жетіншісіне жүкті. Туыстары Шұбаркөлде іздеу жұмыстарын ұйымдастыруды сұрайды. Сондай-ақ ер адамның тұрған жері туралы нақты ақпарат үшін 500 мың теңге төлеуге дайын.
Мына нөмірлер бойынша хабарласуға болады: 8-705-351-73-50, 8-778-614-70-17, 8-778-886-07-62 немесе 102.