Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында 400-ден астам интернат оқушысының құқығы бұзылған

Қарағанды облысы Шет ауданының прокуратурасы осы аудандағы Ы.Алтынсарин атындағы қолдау мектебі жанындағы "Интернат" КММ қызметіне кешенді тексеру жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокуратураның мәліметінше, ресурстық орталық ғимаратының кешеніне жақын маңдағы ауылдардан келген 100 оқушының тұруына қойылатын талаптарға сай келетін 3 қабатты жатақхана кіреді. 2022 жылдың соңында комиссия шешімімен, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз, балалар жатақханадан шығарылып, балалардың тұруына арналмаған Ресурстық орталық ғимаратының 2-қабатына орналастырылған.

Оқу кабинеттерінің санының азаюы, кейбір кабинеттердің шаруашылық бөлмелерге айналуы оқушылардың оқу, демалыс орындарының, санитарлық тораптардың, қоғамдық тамақтану орындарының және т.б. алаңдарының белгіленген нормаларының бұзылуына әкелген.

Тексеру жатақхананың 2-қабатында "Шет ауданының білім бөлімі" ММ орналасқаны, ал 3-қабатында білім бөлімінің меңгерушісі, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен әдіскерлері үшін жатақхана ұйымдастырылғанын көрсетті. Аталған факт көпшілік халықтың наразылығын тудырған. 

Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес, балалар жатақхана ғимаратына қайта орналастырылып, ресурстық орталықтың жатын бөлмелері қайтадан оқу кабинеттеріне айналдырылған. 

Қазір Орталықта оқитын 412 бала үшін сапалы білім алуға қайта жағдай жасалды. 

Кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.

Талқылау