Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысы әкімінің кабинеті орналасқан дәліз бен дәретхананы жөндеуге 70 миллион теңге бөлінбек

Қарағанды облысының әкімдігіндегі, әкім Жеңіс Қасымбектің кабинеті орналасқан қабаттың дәлізі мен сол қабаттағы дәретханаларды жөндеу үшін бюджеттен 70 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылыпты. Және бұл жұмыс мемлекеттік құпия болып саналады екен. Яғни, жөндеуді жүргізетін компания жөндеуден бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсатын алуы керек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп. 

видеодан скриншот

Мемлекеттік сатып алу порталында бұл хабарлама 23 ақпанда жарияланып,10 наурызда конкурстың жеңімпазы анықталуы тиіс еді. Алайда шенеуніктер кейін конкурс шарттарын өзгертіп, қайта жариялайтын болды. Шарттағы өзгерістер бойынша кез келген компания бұл байқауға қатыса алмайды. Тапсырыс алушы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексерісінен өтіп, арнайы рұқсат алуы қажет. Жұмыс барысы толықтай комитет қызметкерлерінің бақылауында болады. Дәліз бен дәретханаларды жөндеудің мұндай құпиялығын, шенеуніктер облыс әкімдігінің стратегиялық нысан болғандығымен байланыстырды. Айта кетсек, конкурс қайта жариялануға берілгендіктен,  әзірге тапсырысты нақты қандай компания орындайтыны белгісіз.

Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Нұржан Сұршаұлы байқау арнайы тәртіпте өткізілгенін айтады.

“Облыс әкімдігі ғимаратында, оның ішінде алтыншы қабаттағы дәліздерді жөндеу аясында әлеуетті өнім беруші арнайы байланыс жүйесінің орнын ауыстыру қажет. Осыған байланысты аталған байқауды арнайы тәртіпте өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл жөндеу жұмыстары арасында санитарлық тораптарды жөндеумен қатар жылыту жүйесін, едендері, төбелерді және есіктермен кабельдерді толық ауыстыру қарастырылған”, – дейді ол.

Талқылау