Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге 50 мыңнан астам қазақстандық қатысты – Бас прокуратура
Мәжілістің жалпы отырысында ҚР бас прокуроры Берік Асылов қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерге Қазақстан бойынша 50 мыңға жуық қазақстандық қатысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дүйсенбік күні Қазақстанның барлық құқық қорғау органдарының басшылары қайғылы қаңтар оқиғасының тергеу барысы туралы есеп беру үшін мәжіліс алаңына жиналды.
"Шерулер алғашында бейбіт басталды, алдымен қойылған экономикалық талаптарды билік қанағаттандырды. Бейбіт митингілерге қатысушылардың жалпы саны 50 мың адамды құрады, оның ішінде тек Алматы қаласында 30 мың адам алаңға шықты", - деді қадағалау органының басшысы.
Берік Асылов тәртіпсіздіктерді жедел мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырып отырғанын қосып өтті. Оның сөзінше, түпкі мақсаттары елдегі билікті күшпен басып алу болған.
Қаңтар оқиғалары
Еске салайық, биылғы жылдың қаңтар айының басындағы Маңғыстаудағы сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан еді. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Алайда дүйсенбі 14 наурызда өткен мәжіліс отырысында бас прокуратура қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде 230 адам қаза тапқанын айтты. Оның ішінде 19-ы әскери және қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Азаматтардың көбі Алматы қаласында көз жұмған. Олардың саны – 139.
- Қазақстандағы қаңтар тәртіпсіздіктерінің жаңа видеосы жарияланды
- Қаңтар қасіреті кезінде курьер бұзақыларға байланыс құралдарын жеткізген
- "Қаңтар – қазақтың қасіреті": Алматыда өткен еске алу митингінің соңы немен аяқталды?
Сонымен қатар прокуратура бүгінгі таңда кездейсоқ оқ тиген 20 азаматтың көз жұмғаны туралы нақты деректің бар екенін айтты.
Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян шекті. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.
Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.
5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.