Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде полицейлерге кім шабуылдады: Күдіктілер эксклюзивті сұхбат берді
"Қасіретті қаңтар. Тәртіпсіздіктер" деректі фильмінің үшінші бөлімінде күдіктілер мен сотталғандардың эксклюзивті сұхбаттары көрсетілді. Фильмде полицейлер мен әскерилерге шабуылдағандарға ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Наурызбай Қыдырбай мен Қанат Әбубәкір
Олардың бірі 25 жастағы Наурызбай Қыдырбай болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді:
"Бірдеңені бүлдіреміз деп барған жоқпыз. Халықпен бірге бейбіт митингіге шықтым. Бірінші рет шыққан кезде "Алматы аренадан" басталды ғой. Сарбаздар алдын жаба бастады. Мен көліктен түскен кезде сарбаздарға тиіскенін көрдім. Бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Полицейдің көлігін 2-3 рет ұрғаным видеоға түсіп қалған. Оның ішінде қызметкерлер бар деп ойламадым. Кейін халық көліктен шығарып алып, оларға жаылды. Мен "қойыңдар жігіттер" деп айттым. Халық қызметкерлерді ұрды, мен солардан құтқардым", – дейді Наурызбай.
Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандардың кейбірі ғимараттар мен көліктердің талқанын шығарып, қару-жарақ дүкендерін тонады. Енді бірі полицейлер мен әскерилерге шабуылдап, жиналған халықты радикалды шараларға баруға арандатты. Енді бүгін осы былықтың бәрін эмоция мен қызығушылықтың салдары деп түсіндірілуде. Өз кінәларын жете түсінбеген қатысушылар әрекеттерін өздеріне ыңғайлы бағытта ақтауға тырысуда.
"Сол жердегі массаға ерік беріп қойдық. Біз оларға көмектесуге міндетті сияқты болып қалдық", – дейді тағы бір қатысушы.
"Қолымызға ұстатты "ал, ал" деп", "Бастық айтқаннан кейін бару керек қой. Біз білмейміз ғой", – дейді тағы екі күдікті.
Жасаған әрекеттеріне жауап беретін сәт келгенде көпшілігі отбасы, балалары мен ата-аналарының алдындағы жауапкершілікті еске алды.
Шабуылға қажетті арматураларды дайындадым, деп мойындаған Қанат Әбубәкір жедел жәрдем жүргізуші болып жұмыс істейтін әкесін өкінішпен еске алды.
Осы жерде арматурамен қаруланған бұзақылардың жедел жәрдем көлігіне бөгет болып, қызметкерлеріне аяусыз шабуыл жасағанын айта кетейік.