Қаңтар оқиғасы: Семейде Жотабаевты азаптады деп айыпталған екі полицей шартты жаза алды
Семейде 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Жандос Жотабаевты азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлерге қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
фото: sputnik.kz
Қалалық сот екі полиция қызметкерін "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" бабымен айыпты деп танып, әрқайсысына 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олар жәбірленуші тарапқа шамамен моральдық шығын ретінде 4,5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Ал прокурор соттан Қанақынов пен Ағзамовты 6 жылға түрме жазасына кесуді сұраған.
Сот кезінде көрсетілген видеода полицейлердің әрең қозғалып жатқан Жотабаевты тепкілеп жатқаны көрінеді. Экс-полицейлер сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Олар күш қолдану әрекеті бар болғаны қызметтік міндетті орындау аясында ғана жүргізілгенін айтып ақталды.
Сотталушылардың жасы небәрі 23 және 27 жаста.
Еске салайық, Жандос Жотабаев қаңтар оқиғасы кезінде митингке қатысқаны үшін ұсталған. Іс материалдарына сәйкес, 36 жастағы Жотабаев 2022 жылы 17 қаңтарда уақытша ұстау изоляторында көз жұмған. Ол 6 қаңтарда ұсталған еді. Медициналық сараптама кезінде Жотабаевтың 11 қабырғасы сынғаны, өкпесінің ісіп кеткені анықталған. 10 күннен кейін ол қайтыс болды.