Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі": Адвокат айыпталушыларды толықтай ақтауды сұрады

10 қазан күні Алматы қалалық сотында 2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алды деп айыпталған белсенділердің қорғаушысының апелляциялық шағымы бойынша сот отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото. Сот отырысынан алынды

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп танылған азаматтық белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанова аудио-видео файлдармен бірге 1-ден 64-ке дейінгі томдық істің де тергеу изоляторына жеткізілуін сұрады. Оның айтуынша, бұл куәлардың айғақтарында сәйкессіздікті анықтап, сотқа көрсету үшін қажет.

"Барлық куәгерлер өз айғақтарынан бас тартты, көпшілігі бұл айғақтар тергеудің қысымымен берілгенін айтты. Мен олардың сөздерінен қайшылықтарды байқадым. №72 мекемеде бұл істің барлық томдары жоқ. Бірақ мен оны жеткізіп беру туралы бұрын өтініш білдіргенмін", - деді Тілеужанова.

Сот айыпталушыға изолятордағы барлық жағдаймен танысуға 5 күн бар екенін алға тартып, өтініштен бас тартты.

"Сіз осы томдарды зерделеу туралы хаттамаға қол қойдыңыз. Қолыңызда отырыстардың дискілері бар, сотқа дейінгі өндіріс материалдарымен де таныстыңыз", - деді судья.

Тілеужанова сот қызметін асыра пайдаланып отырғанын айтты.

Содан кейін сот істі мәні бойынша қарауға көшті. Тілеужанованың адвокаты Айнара Айдарханова қорғаушы тарап бұрын шығарылған үкіммен толық келіспейтінін алға тартты. Ол тергеу және сот отырыстары кезінде Қылмыстық-процестік кодекстің кейбір бұзушылықтарына тоқталды. Сондай-ақ оның қорғаушысы әуежайдағы оқиға қарсаңында арнайы уақытша ұстау изоляторында болғанын және қалада не болып жатқанынан хабарсыз болғанын жеткізді.

"Жауап алу кезінде, яғни 3 қаңтарда ол арнайы уақытша ұстау изоляторында болды. Өйткені бұрын 15 тәулікке қамалғанын айтты. Тіпті оларды босатқан соң қалада төтенше жағдай, митингілер мен коменданттық уақыт болып жатқанын ескертпеген", - деді Айдарханова. 

Оның айтуынша, Тілеужанова әуежайға журналист ретінде барған. Сол күні ол әуежайда жүрудің заңсыз екенін білмеген. Себебі оған ешкім бұл туралы ескертпеген.

"Менің қорғаушым билікке нұқсан келтіруді мақсат еткен жоқ. Тілеужанова сол күні журналистік қызметін орындады. Сонымен қатар патриархалды қоғамда 35-40 ер адамның басын біріктіріп жинауы мүмкін емес. Ешқандай басып алу әрекетін ұйымдастырған жоқ. Ол кезде әуежай да ашық болды. Мұнда куәгерлердің айғақтары бұрмаланып жазылған. Жауап алу кезінде "шабуылдаушы", "бүлікші", "агрессивті топ" деген сөздердің" жиі қолданылғанына сенімдімін. Бейнежазбада агрессивті мінез-құлық дәлелі жоқ. Жаппай тәртіпсіздіктер, погромдар, өрт қою, қару қолдану немесе тәртіпсіздіктер ұйымдастыру фактілері жазбаларда көрсетілмеген. Сондықтан бұл туралы қорытындылар сотқа дейінгі тергеу органдарының болжамына негізделген, - деді қорғаушы.

Адвокат алдыңғы сот шешімінің күшін жойып, сотталушыларды толық ақтауды сұрады. Сот бұл мәселені 20 қазанда қарайды. 

Айта кетейік, бұған дейін қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта бес айыпталушы (Әйгерім Тілеужанова, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев пен Жанайдар Кәрменов) 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған еді. 

Талқылау