Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандардың нақты саны қашан шығады – Бас прокурор жауап берді

ҚР бас прокуроры Берік Асылов қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандардың нақты саны барлық қылмыстық істерді тергеп-тексергеннен кейін ғана жарияланатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Асыловтың айтуынша, қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандардың тізімі олардың өлімінің барлық мән-жайы белгілі болғаннан кейін сондай-ақ олардың бейбіт тұрғындар немесе тәртіпсіздіктерге қатысының бар-жоғы нақтыланғаннан кейін ғана жарияланады.

"Қаза тапқандардың кім екенін анықтауға тырысып жатқандықтан нақты тізім жасау кешігіп жатыр", - деді бас прокурор.

Қаңтар оқиғалары

Еске салайық, биылғы жылдың қаңтар айының басындағы Маңғыстаудағы сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан еді. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Алайда дүйсенбі 14 наурызда өткен мәжіліс отырысында бас прокуратура қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде 230 адам қаза тапқанын айтты. Оның ішінде 19-ы әскери және қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Азаматтардың көбі Алматы қаласында көз жұмған. Олардың саны – 139.



Сонымен қатар прокуратура бүгінгі таңда кездейсоқ оқ тиген 20 азаматтың көз жұмғаны туралы нақты деректің бар екенін айтты.

Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян шекті. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Талқылау