Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ойнамай, тыныш отыр”: Ақтөбеде қансырап жатып, көмек сұраған жасөспірімді елемеген ТЖД қызметкері сотталып жатыр

Ақтөбеде қансырап жатып көмек сұраған жасөспірімнің сөзін елемеген құтқарушы сот алдында жауап беріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Абылайхан Бержановқа жұмысына салғырт қарады деп айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алғашқы сот отырысында сотталушы өзінің неге істі болып жатқанын түсінбейтінін айтты. Судья айыптау актісімен қайта танысып шығуға рұқсат берді.

Осыдан тоғыз ай бұрын түн жарымында 112 құтқару қызметіне 13 жастағы София хабарласқан. Байланыс бірнеше рет үзіліп кетіпті. Кейін телефон тұтқасын көтерген кезекшінің көмекшісіне жасөспірім пышақ жарақатын алғанын, анасы мен бауырын қылмыскер өлтіріп кеткенін айтады. Бірақ оған Абылайхан Бержанов сене қоймапты. Керсінше, балаға ойнамай, тыныш отыруын сұрайды. Қансыраған жасөспірім осы аралықта талып қалған. Есін қайта жиып, тағы да құтқару қызметінен көмек сұрайды. Оқушы бірнеше рет мекенжайды анық айтып, "ауыр жарақат алдым" десе, қоңырауға жауап берген кезекші сенбеген. Тек 55 минут өткенде барып соңғы хабарласқаннан кейін жедел жәрдем шақыртыпты.

Дәрігерлер Софияны әрең дегенде аман алып қалды. Қыздың анасы мен ағасын пышақтап өлтірген қылмыскер пәтерге балконнан кірген. Кейін ұсталып, абақтыда өзіне қол салған. Қазір марқұм сотталушының ата-анасы баласының мұндай жауыздыққа барғанына сенбей сотқа жүгінді.

"29 наурыз күні кәмелетке толмаған Игнатьева пышақ жарақатын алған соң бірнеше рет 112 қызметіне хабарласқан. Қылмыскер ағасын өлтіріп, өзін пышақтап, тұншықтырғанын айтады. Бірақ оған Бержанов сенбей, ешқандай шара қолданбаған. Тек үшінші қоңыраудан соң ғана жедел жәрдем жібереді”, – дейді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Әсел Таналиева. 

Сотта 13 жасар қыздың тәтесі жауап берді.

“Қыз бірнеше рет қоңырау шалған. Бірақ олар оны әзілдеп жатыр деп ойлады. Олар оған сенбеді. Мен қызымыз табандылығының арқасында ғана аман қалды деп ойлаймын. Қайта-қайта қоңырау шалған соң бірақ келген. Ол қашып үлгерген. Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерін сотқа бердік және жазаның толық алынуын қалаймыз", – деді зардап шеккен қыздың тәтесі Евгения Кайрис.

Зардап шеккен қыздың туысы жәбірленуші тарап сотталушыдан моральдық шығын ретінде бес миллион теңге талап еткенін хабарлады.

Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкері "салақтық" бабы бойынша сотталып жатыр. Оны екі адвокат қорғауда. Олар сотталушыны сотта видеоға және суретке түсірмеуді талап етті. Ер адам кінәсін мойындамады.

Талқылау