Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қандай қатыгездің қарекеті екен?!": Сәкен Майғазиев 16 жастағы Шерзаттың өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті

“Музарт” тобының әншісі Сәкен Майғазиев Талғар қаласындағы төбелестен кейін қайтыс болған 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдіріп, отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/saken_maigaziyev

Сонымен қатар өнер иесі Қарағандыдағы бес баланың өртеніп кеткеніне де қайғырды. 

“Құдайдан қорықпағаннан қорық. Жығылғанға жұдырық. Қыршын кеткен Шерзаттың өлімі мен бүгін түнде болған өрт оқиғасы, кешегі Жетіқарадағы бес бірдей баланың өртке оранып бақилық болғаны баршамыздың қабырғамызға қатты батып жатыр. Бүгін түнде болған өрт неден шыққанын құзырлы органдар анықтап жатар. Егер шынында қасақана қастандықпен қолдан қойылған от болса, нағыз надандық, мейірімсіздік, имансыздық осы шығар. Онсыз да қара жамылып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп от қою қандай қатыгездің қарекеті екен?! Жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе. Адамның жасаған әр амалы өзіне айналып келетінін (бумеранг) білмеу қандай қараңғылық?!”, – деп жазды әнші. 



Одан кейін эстрада жұлдызы құзырлы органдардың әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.  

“Тынышы кеткен Талғардағы оқиғаға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Бас прокуратураның басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылғанын, кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шара қабылданатынын хабарлады. Әділ шешім шығатынына сенім артамыз. Шерзаттың және бес баланың жаны жәннатта болсын!”, – деп күйінді өнер иесі.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. 

Талқылау