Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қанат Айтбаев: Димаш тойға шықпайды

«Димаштың тойдан алатын гонорары 15 мың долларға өсіпті», «Қытайдағы байқауға сол жақтағы қандастар ат салысыпты», «Димаш қатты ауырып қалыпты» деген секілді түрлі алып-қашпа әңгіме бар. Міне, осының барлығының анық-қанығы белгілі болды.

17076194_1725395864386862_5346275204437901312_n

«Айқын» басылымына сұқбат берген Димаштың әкесі Қанат Айтбаев ұлы қатысып жатқан Қытайдағы телебайқауға қатысты барлық мәліметті ашып айтты.

“Өткен жылы Ертай Нүсіпжанов атты азамат хабарласып, Қытай елінде өтетін осынау сайыстың ғаламтордағы сілтемесін жіберіп: «Бірнеше әншілердің әндерін конкурстың ұйымдастырушыларына жолдамақ едім, Димаштың орын­дауындағы әндерді де жіберсем, қалай қарайсыз?» деп сұрады.

Кейінірек Димаш Қытай еліне барып, ұйымдастырушылар тарапынан өткізілген іріктеу кезеңіне қатысып келді. Ол жақтағы мамандар әншілердің музыка саласындағы деңгейін тексеріп, қатысқан өнер додаларымен танысып, дауыс­та­рының мүмкіндігін зерттеп, жалпы ин­теллектуалдық деңгейіне дейін зер­делеп көреді екен. Жан-жақты сұрып­таудан өткеннен кейін, Димаш қаңтар айында басталатын осы байқауға жолдама алды…

Конкурстың күрделілігі сол, сайысқа өнер әлемінде талай асулардан өтіп, әбден шыныққан, тыңдармандарының қошеметіне бөленген кәсіби әншілер қатысады. Өнерпаздарға қойылатын талаптар да қатаң. Конкурс қатысушылары бекітілген әнді нақышына келтіре орындай алуы өз алдына, шығарманың табиғатын жан-жақты ашып, түрлі қырынан таныта алуы керек. Әр кезеңнің арасы – бес-алты күн. Осы мерзім ішінде жаңаша аранжировка жасап, оркестрге лайықтап партитураға түсіріп, өзіңе бейтаныс, бөгде тілдегі әуеннің мәтінін жаттап, жан дүниеңе сіңіре білу қажет. Бұл – аса қиын процесс.

Қасында жүрген досы Алпамыс Шаримов, Оралда Ерлан Бекчурин, Ақтөбеде Бақытбек Зейнелов, Атырауда Бауыржан Ақтаев, Алматыда Ұлықпан Жолдасов, Астанада Дмитрий Валерьевич сынды азаматтар бірлесіп, Димаштың белгілеп берген ән құрылымына сәйкес, әр кезеңнің шығармаларының аран­жировкасына атсалысып, нотасын қағазға түсіріп, өңдеп, Қытайдың оркестріне уақытылы беріп жіберуде.

Нәтижелерін өздеріңіз тыңдап жүрсіздер. Мәдениет және спорт министрлігі, Димаш оқитын Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы, Ақтөбе облысының басшылығы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Осынау сын сағатта Димашқа тілекші болып отырған қалың көпшіліктің бәріне алғысым шексіз”, – дейді Қанат Айтбаев.

Біраз уақыт бұрын Витастың продюсері “Опера 2” әніне байланысты шағымданған болатын. Алайда Витастың өзі немесе өкілі Димашқа тікелей шықпаған екен.

“Байқаудың екінші кезеңінде Димаш ұйымдастырушылардың ұсынысымен Витастың ең күрделі саналатын «Опера 2» әнін шырқады. Бұл енді байқаудың ұйымдастырушылары мен шағымданушы арасында болған түсінбестік болса керек. Негізі, тікелей өзімізге келіп, шағым айтқан ешкім жоқ”, – дейді әншінің әкесі.

Мұнымен қатар, ол ұлының Лара Фабианмен кездесуге уақыт таппай жүргенін айтты.

“Әйгілі Джеки Чанмен кездесуден кейін Димаш үйге ерекше шаттанып келді. «Қандай жақсы адам. Осынша атағына қарамай, өте қарапайым, кіші­пейіл жан екен» деп, қатты әсерленгенін айтып тауыса алмады. Джеки Чан секілді жақсы азаматтың жайсаң мінезі Димаштың болашақта дәл сондай жүрегі кең, мықты азамат болуға деген талпы­нысын күшейте түсті деп ойлаймын. Ал Лара Фабианмен кездесудің мерзімі әлі нақтыланған жоқ. Қазіргі конкурс ол туралы ойлауға да мұрша берер емес. Егер сайыстан кейін ондай мүмкіндік болып жатса, Фабианға міндетті түрде қазақы нақыштағы дүние сыйлайтынымыз анық”, – дейді ол.

Ал Димаштың гонорарының өскендігі туралы ақпарат жалған болып шықты. Мұны әншінің әкесі сарыжағал басылымдардың жалған ақпаратына балады.

“Димашты өнер жолына бағыттағанда оған тойдан табыс тапқыза қояйық деген ниетіміз әу бастан болған емес. Кейбір сарыжағал ақпарат құралдары айтып жүргендей, „Димаштың қаламақысы пәлендей болыпты„ деген сөздер шын­дыққа еш жанаспайды. Біз ондай ақпарат берген жоқпыз, тап қазіргі сәтте біздің басты мұратымыз сайысты нәтижелі аяқтау, басқаны ойлайтын мүмкіндік те жоқ. Ата-ана ретіндегі басты арманымыз – ұлымыздың азамат болғанын көру. Егер ол үйге жүлделі оралып жатса, онда еңбегіміздің еш кетпегені. Бұл өзі үшін – үлкен қуаныш, ал біз үшін – мақтаныш”, – дейді Қанат Айтбаев.


Жіберіп алмаңыз:

Айгүл Иманбаева: Енді әртіс жігітке тұрмысқа шықпаспын

Есболат Беделхан “Ninety one” тобына бәсекелес топ құрды

Димаштың анасы: Адал сүт емген қыз босағамыздан аттаса екен

Гүлзира Айдарбекова: Ендігі мақсатым – Қайраттан әлемдік “мегажұлдыз” жасау

Талқылау