Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қақтығыс болды, бірақ Назарбаев пен Тоқаевтың арасында емес - Саясаттанушы Данияр Әшімбаев

Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында қақтығыс болды деген пікірді жоққа шығарды. Айтуынша, елімізде 2024 жылы өтетін сайлауда Тоқаевтың жеңіске жеткенін қаламайтындар бар. Оның салдары елімізде болған қақтығыстарға алып келген болуы мүмкін. Бұл туралы Әшімбаев ia-centr.ru басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Көпшілік Тоқаевтың "транзитті президент" екеніне сенімді болды. Бірақ Nur Otan партиясы төрағалығын беруі мұны теріске шығарды. Себебі бұл пост оның мәжіліске де, үкіметке де билігі жүретінін көрсетеді. Ең бастысы, Тоқаевтың 2024 жылғы сайлауға түсетінін білдіреді", - деді саясаттанушы. 

Әшімбаевтың пікірінше, елімізде алда болатын сайлауда Тоқаевтың жеңіске жеткенін қаламайтын адамдар болған және әлі де бар. 

"Назарбаевтың ол нұсқаны қарастырмайтыны және шешімін өзгертпейтіні түсінікті болғандықтан, ол біздің басымыздан өткен қарсылықтар толқынын тудырған болуы мүмкін. Сондықтан элиталар арасында қақтығыс болды, бірақ Назарбаев пен Тоқаевтың арасында емес", - деп түсіндірді саясаттанушы. 

Маманның пікірінше, Назарбаевтың туыстарынан бөлек, өзінің саясаттағы болашағын ойлаған өзге де тұлғалар болған. Мысалы - ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов. Қазіргі уақытта ол мемлекеттік сатқындық пен төңкеріс жасауға тырысты деп күдіктелуде. 



Саясаттанушы Тоқаевтың бандиттерді жеңгенін атап өтті. Алайда кейбіреулер мұны Назарбаевты жеңді деп көрсеткісі келеді, дейді ол. 

"Бірақ бұл Назарбаевтың да жеңісі. Себебі оның ізбасары мен бағыты орнында қалды. Ал ізбасары мемлекетті алға жетелей алатын мықты көшбасшы ретінде көрсетті. Назарбаевтың қалауы да сол еді. Сондықтан бұл Назарбаевтың да жеңісі", - деді саясаттанушы.
 

Талқылау