Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қадырбаев: Букмекерді жарнамаладым, бір жігіт анасының еміне деген соңғы ақшасын тігіп жіберді

Танымал блогер Жансерік Қадырбаев бір кездері букмекерлік кеңсенң жарнамалап, опық жегенін айтты. Сөзінше, оның жарнамасына сенген бір жігіт анасының еміне деп сақтап отырған соңғы ақшасын тігіске салған. Жансерік бұл жағдайдан кейін күмәнді жарнамалардың жетегінде кетпейтін болған. Бұл туралы Қадырбаев Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Осыдан 5-6 жыл бұрын ақшаға сатылған блогерлердің қатарында болдық. 1 не 2-курста оқитын кезім. Ақша керек болғандықтан, букмекер компаниясын жарнамаладық. Ол кезде аудиториям аса үлкен емес, 40 мыңдай оқырманым бар. 

Жаспыз, баламыз, ол кезде ми да жоқ. 20 мың теңгеге жарнама жасадым. 1-2 күннен кейін дайректке хат келді. "Жансерік, бауырым, сенен осы жарнаманы көріп, ставка қойып едім. Анамның дәрісіне деп сақтап жүрген соңғы 10 мың теңгемді қойып жібердім", – дейді. 

Ол баланың да өз басы бар ғой. Бірақ себепкер мен болып тұрмын. Яғни мен болмасам, мүмкін ол ставка қоймайтын еді. Құдайдың өзі кешірсін деп ақшасын қайтарып бердім. Ол кезде қалтамызда асып-асып жатқан ақша да жоқ. Жарнаманы өшірдім, одан кейін жоламайтын болдым", – дейді Қадырбаев.



Блогер бұл жағдайдан кейін құндылықтарының өзгергенін айтады. Ол қанша ақша ұсынылса да, құмар ойынға немесе қаржылық пирамидаға шақыратын жарнамалардан бас тартатын болған. 

"Көп оқырман жинаған соң, айына 5, 20 млн теңге ұсынғандар болды. Бұл деген нағыз азғыру. Мұндай ақшаны көргенде көп адам жолдан тайып кетуі мүмкін", –  дейді ол.

Айта кетейік, танымал вайнер, актер Мейіржан Төребаев әріптесі Мейірхан Шерниязовпен бірге қаржылық пирамиданы құрды деген күдікпен қамауға алынған еді. Қадырбаев ақ-қарасын білмегендіктен, әріптестерінің бұл ісіне қатысты пікір білдіруден бас тартты. 

Талқылау