Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кабулдан ұшып шыққан ұшақтан бірнеше адам құлап көз жұмды (видео)

Кабул халықаралық әуежайынан ұшып бара жатқан әскери ұшақтан үш ауған азаматы құлап түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Al Arabiya басылымына сілтеме жасап.

Жергілікті Asvaka News мәлімдегендей, олар ұшып бара жатқан ұшақтың дөңгелегіне жабысып елден ұшып кеткісі келген. Басылым жергілікті тұрғындарға сілтеме жасай отырып, адамдардың тұрғын үйлердің төбесіне құлағанын айтады. Олардың ешқайсысы аман қалмаған.

The New York Times тілшісі Кристиан Триберт өзінің Twitter-дегі жазбасында әңгіме американдық С-17 әскери көлік ұшағы туралы болып тұрғанын жазады. Орын алған оқиға түсірілген бейнежазбаны Тwitter-дің қолданушысы Муслим Шерзад та жариялады: ол адамдардың американдық ұшақтан құлағанын растаған.



Тағы бір бейнені Tolo News агенттігі жариялаған: онда ауғандықтардың Кабул әуежайының ұшу-қону жолағында АҚШ әскери-әуе күштерінің ұшағының артынан қалай жүгіргенін көруге болады, кейбіреулер әуе кемесінің құрылымына жабысып алған.

Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды толық басып алғанын жариялады. Президент Ашраф Гани елден қашып кетті. Әскерилер сонымен қатар барлық шекара бекеттеріне бақылау орнатқан, енді ел шекарасынан тек ұшақпен кетуге болады. Алайда, Ауғанстан азаматтық авиация басқармасы (ACAA) барлық коммерциялық рейстерді тоқтатып сонымен бірге транзиттік ұшақтарға ел аумағын айналып өтуді ұсынған. Кабулдың әуе кеңістігі тек әскерилер үшін ашық.  

Талқылау