Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль әскері Рафахтың орталығын талқандады: Әлемнің бірнеше елі шабуылды айыптады

Халықаралық сот Израильді Рафахқа шабуылын тоқтатуға міндеттесе де, Израиль әскері қаланы талқандап тастады. 28 мамыр түнде Рафахтың батысы бомбаның астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Reuters/Mohammed Salem

Куәгерлердің айтуынша, Израиль танктері Палестина-Египет шекарасына қарайтын стратегиялық маңызды ең биік төбе Зорубты бақылауға алған.

Израильдің бірнеше танкі сейсенбі күні Рафахтың орталығына жеткен. Олардың айтуынша, әл-Ауда мешітінің маңында танктер көрінген. Израиль әскерилері бұл хабарларға бірден түсініктеме бермей, Рафахтағы операция туралы кейінірек мәлімдеме жасауға уәде берді.

Израиль әскері жағалаудағы "Филадельфия дәлізі" деп аталатын жолдың 9 шақырымын бақылап отыр. Жергілікті билік бір түнде кем дегенде 16 адам мерт болды деп мәлімдеді, денсаулық сақтау министрлігі бұл сандарды әлі растаған жоқ. Әуе соққыларынан жүздеген отбасы жақын маңдағы ауруханаға қашты.

Жексенбі күні Израиль Рафахтағы босқындар лагеріне соққы берді. Газадағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кемінде 45 адам қаза тауып, жүздеген адам күйген, сынық жарақаттарын алған. Израиль билігінің хабарлауынша, соққыдан Рафахта ХАМАС-тың екі жоғары лауазымды содыры Ясин Рабиа мен Халед Нагар өлтірілген.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху тұрғындардың өлімін "қайғылы апат" және “абайсызда болған” деп айтты, соған қарамастан соғысты жалғастыруға ниетті. Оның айтуынша, Израиль бейбіт тұрғындарды қорғау үшін барлық сақтық шараларын қабылдап жатыр және соғысқа қатысы жоқ адамдарға зиян тигізбейміз дейді.

"Рафахта біз миллиондаған тұрғындарды эвакуацияладық, бірақ кеше қайғылы оқиға болды. Біз бұл оқиғаны зерттеп, қорытынды жасаймыз, өйткені біздің саясатымыз осындай", – деді Нетаньяху.

Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесі Рафахтағы соққыға байланысты шұғыл жиналыс жасады және БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш бұл шабуылды “қақтығыстан пана іздеген ондаған бейкүнә бейбіт тұрғындарды өлтіру" деп атап, Израильді айыптады.

Еуроодақ сыртқы істер министрлері Израильмен кездесу өткізбек.

"Бұл операцияларды тоқтату керек. Рафахта палестиналық бейбіт тұрғындар үшін қауіпсіз аймақ жоқ. Мен халықаралық құқықты толық құрметтеуге және дереу атысты тоқтатуға шақырамын”, – деді Франция президенті Эммануэль Макрон.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "Біз адамзатқа еш қатысы жоқ бұл варварлар мен қанішерлерді жауапқа тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз" деді.

Мысыр сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиғаға көңіл айтып, Израиль саясатын айыптады. Мысыр сыртқы істер министрлігі Израильді Рафахтағы "әскери операцияларды дереу тоқтатуға байланысты халықаралық соттың бұйрығын орындауға" шақырды.

Канаданың сыртқы істер министрі Мелани Джоли де Рафахтағы жағдайға жүрегі ауыратынын айтты.

"Жазықсыз бейбіт тұрғындарды өлтіруге мүлдем жол берілмейді. Адамдардың азап шегу деңгейі апатты. Сондықтан бізге тез арада атысты тоқтату керек", – деді ол.

Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мао Нин де бейбіт тұрғындарды қорғауға шақырды.

Палестина мемлекетін БҰҰ-ға мүше 193 елдің шамамен 144-і, соның ішінде Ресей, Қытай және Үндістан және Африка, Азия және Оңтүстік Американың көптеген елдері мойындады.

Сейсенбіде Испания, Ирландия және Норвегия Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады.

Израиль бұған жауап ретінде 1 маусымнан бастап Иерусалимдегі Испания консулдығына палестиналықтарға қызмет көрсетуге тыйым салды. 

ЕО-да Палестина мемлекетін қазірдің өзінде Швеция, Кипр, Венгрия, Чехия, Польша, Словакия, Румыния және Болгария мойындады. Палестина мемлекетін тану мүмкіндігін жақында Ұлыбритания мен Австралия жариялады.

Еске салайық, Израиль 25 мамырда Газа секторына, соның ішінде Рафахқа қайта соққы жасағанын жаздық. Бұған дейін Біріккен ұлттар ұйымының халықаралық соты Израильге Рафахқа шабуылды тоқтату жөнінде талап қойған.

Талқылау