Ішінде 47 оқушы болған: Алматы облысында автобус апатқа ұшырады
Алматы облысы Жамбыл ауданының аумағында оқушылар мінген автобус жолдың шетіне шығып кетті. Салдарынан бірнеше оқушы мен мұғалім жарақаттанды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдына ала мәлімет бойынша, автобуста Алматы қаласындағы №134 мектептің 47 оқушысы болған. Жолда жолаушылар автобусының алдынан кенеттен жылқы шыға келіп, жүргізуші оны айналып өтпек болған. Алайда автобус жолдың шетіне шығып кетті.
ЖКО салдарынан 8 оқушы мен мұғалім жарақаттанды. Бес оқушы Ұзынағаш аулының аудандық ауруханасына, тағы үш оқушы мен мұғалім Дегерес аулындағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Оқиға орнына полиция, төтенше жағдай және медицина қызметкерлері көмек көрсетуде.