Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранда жаппай наразылыққа қатысқан екінші адам көпшілік алдында дарға асылды

Иран билігі жаппай тәртіпсіздікке қатысқан екінші азаматты көпшілік алдында дарға асты. Елдің сот органы мәлімдегендей, 23 жастағы Маджидрез Рахнаварды 12 желтоқсанда таңертең Мешхед қаласында өлім жазасына кескен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

Иран дарға асу

Сот Рахнаварды "Құдайға қарсы шыққаны" үшін кінәлі деп таныған. Сонымен қатар үкімет жанындағы жартылай әскери "Басидж" құрылымының екі мүшесін пышақтап өлтірді деп айыптаған. Әдетте ел билігі "Басидж" құрылымын митингтерді басу үшін қолданады. 

Мешхед мэрі 17 қарашада наразы топтың "дүкен иелеріне сес көрсетіп", дүкенді жабуды талап еткенін мәлімдеді. Бұл жағдайға "Басидж" мүшелері араласпақ болғанда наразылардың бірі пышақпен шабуыл жасаған. 

Иранда бір аптада екінші адамды дарға асты. Алғаш рет 8 желтоқсанда өлім жазасына кескен соң биліктің бұл әрекеті қызу талқыға түскен. 23 жастағы Мохсен Шекари де "Құдайға қарсы шыққаны" үшін кінәлі деп танып, Тегеранда "Басидж" құрылымына шабуыл жасады деп айыптаған. 

Құқық қорғау топтарының мәліметінше өлім жазасы тағайындалған сот процестерінде құқықтық рәсімдер мүлде сақталмаған. 

"Рахнавардқа өлім жазасын ұрып-соғу нәтижесінде алынған жауап негізінде кесті. Бұл қылмыстың салдары Ислам Республикасында өте ауыр болады. Наразылық білдірген мыңнан аса адам ұсталды және он шақтысына өлім жазасы тағайындалды. Наразыларды жаппай өлім жазасына кесу қаупі төніп тұр", – деп жазды Норвегияда орналасқан Iran Human Rights ұйымының директоры Махмуд Амири-Могаддам. 

Ирандық Mizan сот агенттігінің мәліметінше Маджидрез Рахнаварды бір топ жергілікті тұрғынның көзінше дарға асқан. Агенттік сайтында өлім жазасы орындалған уақытта түсірілген бірнеше сурет жарияланды. Олардың бірінде кранда асылып тұрған адамды көруге болады. 

1500tasvir белсенді оппозиционерлердің сөзінше, Рахнавардың өлім жазасына кесілетіні туралы отбасына ешкім ескертпеген. Жергілікті уақыт бойынша 7:00-де шенеуніктердің бірі қоңырау шалып, "Біз сіздердің ұлдарыңызды дарға асып, денесін Бехешт-е-Реза" зиратына жерледік" деп мәлімдеген. 

Иранда жаппай наразылық 16 қыркүйекте, 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін басталған. Ол әдеп полицейлері хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстағаннан кейін ауруханада көз жұмған. 

Әзірге Иран билігі наразылық акциясын тоқтатуға қауқарсыз. Олар мұны мемлекеттік бүлік деп бағалап, басты қарсыластары АҚШ, Израиль мен Ұлыбританияны айыптап отыр. 

Бүгінгі күнге дейін билік 18 мыңнан аса адамды тұтқындап, 488 адамды өлтірген. 

Талқылау