Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неге Google төтенше жағдайлар министрлігін басып озды және жер сілкінісі туралы ескерту кімдерге келді

Алматыда жер сілкінісінен бірнеше уақыт бұрын Android құрылғысын қолданатын тұрғындардың ұялы телефонына Google ескерту жасаған. Алайда Apple қолданушыларына ешқандай хабарлама келмеген. Тілшіміз не себепті кейбір телефон түріне ғана мұндай ескертпе келетінін анықтап көрді. 

Желіде Google хабарламасы талқыға түсті. Ешқандай ескерту алмағандар не себепті хабарламасыз қалғандарын түсінбей әлек. Оның себебі анықталды.

Google ескертуі тек Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін смартфондарға ғана келеді. Android бола тұра, хабарлама келмесе, демек смартфонның баптаулары арқылы хабарлама алуға рұқсат беру қажет. Ол үшін геолокация қосулы болуға тиіс. Бұл Google жүйесіне сіздің нақты мекенжайыңызды білу үшін керек. "Баптау – Қауіпсіздік және төтенше жағдай – Жер сілкінісі туралы хабарлау" командасын орындау арқылы Google жүйесінің сізге ескерту жіберуіне рұқсат бересіз. 

Жер сілкінісін қанша уақыт бұрын ескертеді?

Samsung, Honor сынды Android телефонының қолданушыларына жер асты дүмпуі туралы ескерту әртүрлі уақытта келген, кейбіріне бірер минут, кейбіріне бірнеше секунд бұрын келсе керек. Техноблогер Байғазы Темірбеков Samsung телефонына келген ескерту хабарламасы жер сілкінісінен 1-2 минут бұрын уақытын және магнитудасын алдын ала нақты болжағанын айтады.

Ал блогер Біржан Әшім Android қолданатын жақынына 7 минут бұрын ескерту келгенін айтып, таңданысын жеткізді. Айтуынша, өзі IPhone қолданады, алайда оған хабарлама келмепті. Желі қолданушылары бұған пікір білдіріп, оларға хабарлама қашан келгенін жарыса жазды.

“Енді 7 минут емес, бірақ 2 минут бұрын Android-тан хабарлама келді, шамамен “6,2 балдық жер дүмпуі болады” деп жазды, керемет”, “Менікі Honor, маған 5 минут бұрын ескерту келді, айфон ұстайтын балама келген жоқ”, “ 5-10 секунд бұрын жер сілкінісі туралы хабарлама жетті”, “Телефоныма қызыл ескерту белгісі келді, оқыған сәтте дүмпу де басталып кетті” деп жазды Android қолданушылары желіде. 



Apple не себепті ескертпейді?

Ал басқа желі қолданушылары Apple-да мұның қолжетімсіз екеніне шағымданды. Тиктокер Болат Сырымовтың айтуынша, IPhone қолданушыларының Android телефоны барларға қарағанда тірі қалу мүмкіндігі аз екенін айтты.

“Егер Алматыдағы жер сілкінісі жойқын әрі қауіптірек болғанда, IPhone қолданушыларына қарағанда Android қолданушыларының аман қалу ықтималдығы көбірек болар еді. Өйткені оларға дүмпуден 30-60 секунд бұрын жер сілкінісінің қаупі туралы шұғыл хабарлама келді. Адамның қауіпсіз жерге қашуына 30 секундтың өзі жеткілікті. Әсіресе, ол екінші, үшінші қабатта тұрса, үлгереді. Apple басшылығынан сұрарым, осы функцияны орнату соншалықты қиын ба?”, – деді ол.

IPhone-ның ресми сайтында зілзала туралы ескертуді жіберу тек бірнеше елде қолжетімді екенін мәлімдеді. Қазақстан ескертпесі қолжетімді елдердің қатарына кірмейді екен.

“Егер сіз Калифорния, Орегон немесе Жапонияда тұрсаңыз, жер сілкінісі туралы ескертулерді қосу мүмкіндігіңіз бар. Жер асты дүмпулері жақындаған кезде сізге хабарлама келеді. Алайда осы аймақтардың бірінде тұрмасаңыз, MyShake тегін қосымшаны жүктеп алып, сол арқылы біле аласыз”, – делінген сайтта.

Сонымен қатар Apple қолданушыларына My Earthquake Alerts & Feed немесе Earthquake қосымшасы арқылы әлемнің барлық түкпіріндегі жер сілкінісін бақылап отыруға болады.

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау