"Иранның радикалды топтары екенін білеміз": Иордания-Сирия шекарасында үш америкалық әскери қызметкер қаза тапқан
АҚШ әскерилері Сириямен шекараға жақын Иордания территориясында дронның соққысынан үш америкалық әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлады. Америкалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 34-ке дейін әскери қызметкер жараланған немесе снарядтан соққы алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ президенті Джо Байден соққыны Иран қолдайтын қарулы топтар жасағанын айтты.
"Шабуылға қатысты барлық фактіні әлі жинап жатқанда, мұны Сирия мен Иракта әрекет ететін, Иранның қолдауымен жүрген радикалды қарулы топтар жасағанын білдік", – деді АҚШ президенті.
Байден кінәлілерді жазалауға уәде беріп, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қаза болған және жараланған америкалық сарбаздардың аты-жөні әзірге жария етілген жоқ.
Ұшқышсыз ұшақ таңертең әскерилер тұрған казарманың жанына құлаған.
Бұған дейін АҚШ әскери-теңіз күштері Сомали жағалауында операция кезінде жоғалып кеткен екі теңіз жаяу әскерін өлді деп жариялады. Олар Ираннан Йеменге тасымалданған заңсыз қаруларды тәркілеуге қатысқан. Кейінірек АҚШ орталық қолбасшылығы операция кезінде баллистикалық және қанатты зымыран компоненттерінің тәркіленгенін хабарлады.