60 миллион шығын келтерген: "Интергаз Орталық Азия" филиалы басшысының бірінші орынбасары сотталды
"Интергаз Орталық Азия" АҚ Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қызылорда қалалық соты "Интергаз Орталық Азия" Акционерлік қоғамы Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары Н. Нұрболатұлына қатысты үкім шығарды.
“Ол "Orda Glass LTD" ЖШС сметалық құнын асыра бағалау және "Шыны зауытын резервтік газбен жабдықтау газ құбырын салу" нысаны бойынша орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, 60,1 миллион теңге сомасында мүліктік залал келтіргені үшін кінәлі деп танылды”, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы-іс қимыл агенттігі.
Сонымен қатар, айыпталушы нысанды салу кезінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолы учаскесін механикалық кесіп, мемлекеттік мүлікке қасақана зақым келтіргені үшін сотталды.
“Сот үкімімен Нұрболатұлы 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылып, оған квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқаруға 3 жыл мерзімге тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.