“Instagram-да тапқан миллиондарды адал көрмеймін”: Нұрлан Абдуллин әлеуметтік желіге не үшін наразы екенін айтты
Нұрлан Абдуллин – әлеуметтік желіге мүлдем тіркелмеген және жарнама арқылы ақша таппайтын әншілердің бірі. Соңғы кездері сахнадан сирек көрінетін әнші мұның сырын тілшімізге ашып айтты.

− Құрылыс саласында, заң саласында жоғары біліміңіз бар екен. Мамандықтарыңыз бойынша қызмер істедіңіз бе?
− Бұл – іздену ғой. Кеңес үкіметі тұсында қалай да оқу керек едік. Құрылыс-сәулет институты қабырғасында көптеген өнерге жақын жігіттер көп болды. «Архитектура – тастың бойында тұнған музыка» дейді ғой. Қазіргідей «мен әнші боламын» деген мақсат болмады. Мүмкін, тағдырымызға солай жазылған шығар .
− Құрылыс саласында оқығаннан кейін бұл тақырыпта анализ жасай алатын шығарсыз...
− Әрине. Міндетті түрде бәрінің сапасына қараймын. Компанияларының басшыларымен жақсы араласамын. Солардың салған туындыларын көріп, жақсы дүние болса, қуанып отырамын. Біздің Алматымыз сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан жаңа үйлерді орталық пен тауға жақын жақтарға тыға бермей, Қаскелең, Қапшағайға қарай қаланы ұзартса деймін.
− Қазақ эстрадасындағы кейінгі шығып жатқан жастарға қаншалықты көңіліңіз толады?
− Қазір ХХІ ғасыр ғой. Әркімнің өз талғамына сай ән тыңдай алады. Мен «баяғыда біздер былай айтушы едік!» деп ешқашан айтпаймын. Балаларымның тыңдап жүргендерін көріп, солармен бір толқында болғым келеді.
Біздің бозбала шағымызда эстрада орыстанып кеткен еді. Менің репертуарымда да бірнеше өзге тілдегі туындылар бар. «Жауыңды жеңгің келсе, тілін біл» дейді. Жігіт болған соң сегіз қырлы, бір сырлы болу керек. Шетелге шығып, ән салып жүрсем, «сен кімсің?» дегенде, «мен қазақпын» деп мақтанышпен айта алуымыз тиіс. Маған: «сендер мықты екенсіңдер» ғой деп айтатын. «Мен бергі жағымын, елде менен асқан асыл өнерді ардақтаған жігіттер жетерлік» деп жатамыз. Ауыз толтырып айтатын талантты жастар көп. Қазір төрт құбыламыз түгел болды, Құдайға шүкір. Енді, санды сапаға ауыстырсақ. Димаш қана емес, тағы да бір-екі азаматтарымыз шығып қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді.
− Жұлдыз ауруымен ауырып көрдіңіз бе?
− Жұлдыз ауруымен ауырып үлгермедік. Тоқсаныншы жылдары Кеңес үкіметі қирады. Ол кезде ештеңе жоқ. Жиған-тергенімізді алғашқы әндерімізді жазуға жұмсайтынбыз. Қолымыздағы барымызға бейнебаян түсіріп, қуанатын едік. Құдайға шүкір, қазір енді бәрі бар ғой, .
− Қазір бәрі бар дедіңіз ғой. Кітап жазып жатқан әріптестеріңізге көзқарасыңыз қалай? Жазушы-әртістердің кітаптарын оқып көрдіңіз бе?
− Жоқ, оқымаппын. Бірақ кітап шығарған жақсы ғой. Егер ойына келгенді жаза бермей, жақсы редакциялаудан өтсе, менің ешқандай оларға теріс пікірім болмайды. Қазір кітап жазамын дейсің бе, көйлек тігемін дейсің бе, кәсіп ашамын дейсің бе, өзің білесің. Бәріне мүмкіндік бар.
− Өзіңізде сондай бизнес бар ма?
− Менде ондай бизнес жоқ. Тіпті әлеуметтік желілер де жоқпын. Бұл мүмкін кемпір-шалдың тәрбиесі болар! «Мен мынау Сейфуллиннің концертінде қонақтамын» деп, өз-өзіме жарнама іздемеймін. Кейде маған: «Ойбай, Нұреке, парақша ашайық, миллиондап табамыз» деп айтып жатады. Бірақ мен Instagram-да тапқан миллиондарды адал көрмеймін. Бұл желіде парақшам болмағандықтан, маған ол қызық емес. Ата-анамның тәрбиесі сол, қара нан жесеңде адалынан. Жетістікке өз күшіңмен жету керек.
− Соңғы жаңалықтарға байланысты пәтер қымбаттауына қандай пікір білдіресіз?
− Бұл бизнес қой! Капитализм, анау-мынау дейміз. Сол үшін жекеменшік компанияларға не деп айтасың? Егер мемлекет тарапынан өз бағамын өзі белгілеп жүргендер қадағалануға ие болса, пәтер бағалары әлдерқайда арзанырақ болар ма еді? Көп азаматтарымыз тұруға жер таппай, қиналып жүргенде жүрегің ауырады. Алайда еңбектену керек, баспанаңа өз күшіңмен жеткенге не жетсін. Мен бірінші Алматыдан кішкендай екі бөлмелі үй алғанымда отырып алып жылағаным есімде.
− Оған дейін пәтер жалдап тұрдыңыз ба?
− Әрине. Жатақханаларда тұрдым. Пәтер жалдадым. Ауылдан келіп, студент болды қой.
− Қазіргі кездегідей ақыны төлей алмай шығарып жіберген кездер болды ма?
− Пәтер иесі келіп тұрып, «босатыңдар, туысым келе жатыр, басқа адам алып қойдым» деп есік алдында күтіп тұратын. Ондайдың бәрі бастан өтті. Мүмкін сондай өмір сабақтарын алғаннан кейін, әлемге деген құштарлығымыз мықты шығар. Ештеңеге берілмей, азамат болдық. Ата-анамыздың абыройын төккен жоқпыз.
Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты