Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тимур Турлов Freedom-ның даму стратегиясы мен халықаралық нарықтар туралы айтты

Тимур Турлов
Фото: Freedom Holding Corp баспасөз қызметі

Стэнфорд университеті студенттерімен кездесуден кейін Тимур Турлов журналистерге компанияның даму стратегиясы, халықаралық экспансиясы және қазақстандық технологияларды шетелге экспорттау мүмкіндігі туралы айтты. Оның сөзінше, Freedom қазір Түркия, Тәжікстан және Грузия нарықтарындағы жұмысын кеңейтіп жатыр. Ал Еуропадағы қызметін одан әрі дамытуға ниетті. Оған қоса кәсіпкер цифрлық өнімдер алдағы жылдары елдердің негізгі экспорттық бағыттарының біріне айналатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қазақстандағы тәжірибе шетелдіктердің қызығушылығын тудырып отыр

Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов Стэнфорд студенттерінің сұрағы ерекше әсер қалдырғанын айтты. Кәсіпкердің айтуынша, студенттер Freedom тарихына үстірт қарамай, компанияның даму жолын терең зерттеген.

Турловтың сөзінше, әлемнің жетекші университеттеріндегі студенттер мен Кремний алқабындағы кәсіпкерлер басқа елдердегі технологиялық компаниялардың тәжірибесін де зерттеуге қызығушылық танытып отыр.

“Freedom-ның өсу тарихы шетелдік студенттер мен кәсіпкерлерге түсінікті. Өйткені олар да технологиялық компанияларды қалай дамыту, клиент тарту, экожүйе құру сияқты мәселелермен айналысады. Бірақ Қазақстанда іске асқан кейбір цифрлық шешімдер АҚШ-та әлі кең тарамаған. Сондықтан оларға біздің тәжірибе қызық”, – деді Тимур Турлов. 

Freedom экожүйесі әлі де даму үстінде

Кәсіпкер Freedom-ды әртүрлі компанияларға иелік ететін қарапайым холдинг ретінде емес, өзара байланысты экожүйе ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

“Біздегі әр компанияның құндылығы оның басқа сервистермен байланысында жатыр. Сондықтан Freedom-ды жеке-жеке бизнес бағыттары ретінде қарастыру дұрыс емес”, – дейді ол.

Турловтың айтуынша, активтердің басым бөлігі экожүйеге қосылғанға дейін төмен қаржылық нәтиже көрсеткен. Алайда біріктірілгеннен кейін олардың тиімділігі артып, бір-бірін толықтыра бастаған.

Сонымен қатар ол Freedom-ның Қазақстан нарығындағы даму мүмкіндігі әлі де жоғары екенін айтты.

“Қазір Freedom SuperApp платформасын 5,5 миллионнан астам адам пайдаланады. Ал нарықтағы ең ірі ойыншылардың аудиториясы 10-12 миллион адамға жетеді. Сондықтан бізде әлі де өсуге мүмкіндік көп. Брокерлік бизнесте мықтымыз, сақтандыру саласында көшбасшылар қатарындамыз, банк секторында да өсіп келеміз. Бірақ алдымызда әлі де шешілуі тиіс міндет көп”, – деді кәсіпкер.

Ендігі жаңа бағыттар – Түркия, Тәжікстан және Грузия

Тимур Турловтың айтуынша, Freedom компаниясының жұмысы қазір Түркияда белсенді түрде дамып келе жатыр. 

“Қазір Түркияда шағын банкті сатып алу жөніндегі мәміленің мақұлдануын күтіп отырмыз. Грузияда лицензия алу процесі жүріп жатыр. Тәжікстанда өз өнімдерімізді дамытып жатырмыз. Сонымен қатар Еуропадағы жұмысымызды одан әрі кеңейтуді көздеп отырмыз”, – деді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, алдағы жылдары Қазақстаннан шыққан технологиялық өнімдердің шетел нарығына шығуы жиілей түседі. Оған қоса Тимур Турлов бүгінде әлемдік экономикадағы бәсекелестік сипаты өзгеріп жатқанын айтты.

“Бұрын мемлекеттер шикізат экспортында бәсекелесті. Кейін өнеркәсіптік өнімдер маңызды болды. Қазір бәсеке цифрлық шешімдер мен технологияларды экспорттау үшін жүріп жатыр”, – деді кәсіпкер.

Оның сөзінше, ең жоғары қосылған құн дәл осы цифрлық өнімдер мен технологиялық шешімдерде қалыптасады. Сондықтан Қазақстан да бұл бағытқа басымдық беруі қажет.

Freedom тәжірибесін басқа елдерге көшіруге бола ма?

Тимур Турлов Freedom-ның технологиялық шешімдерін басқа мемлекеттерде де қолдануға мүмкіндік бар екенін айтты. Алайда әр елдің өзіндік реттеуші талаптары мен нарық ерекшеліктері бар екенін ескеру қажет дейді ол.

“Қазақстанда сұранысқа ие болған өнімнің Еуропада немесе басқа елдерде жұмыс істемеуіне ешқандай түбегейлі себеп жоқ. Бірақ технологияның өзі жеткіліксіз. Нарықты түсіну, дұрыс бейімдеу және мықты команда қажет”, – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, туристік сервистер сияқты кейбір өнімдерді халықаралық деңгейде дамыту оңайырақ. Ал концерттер мен іс-шараларға билет сату бағытында жергілікті серіктестермен жұмыс істегенде нарықтағы бедел мен байланыс үлкен рөл атқарады.

Тимур Турлов компанияның даму жолында кездескен қиындықтар мен қателер оның өсуіне ықпал еткенін жеткізді. 

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде өткенге көз жүгіртсе, кейбір шешімдерді басқаша қабылдауға болар еді. Алайда сол кезде жіберілген қателер кейін компанияның дамуына көмектесіп, маңызды тәжірибе жинауға мүмкіндік берді дейді ол.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 17:12