“Заң мен тәртіпті құрметтеу - жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән": Тоқаев елді "Штрафстан" деп сынайтындарға жауап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте елдегі заң мен жауапкершілік туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің сөзінше, тәртіп бұзушылар, яғни вандалдар заңға сәйкес жауапқа тартылуы керек. Ол құқықтық нигилизмге қарсы тұру үшін қоғам ретінде бірлесіп жұмыс істеу керек деп санайды.
“Заң мен тәртіпті құрметтеу - жазадан қорқу емес, ең алдымен, жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән ерекше қасиет. Мұны дұрыс түсіну керек. Ғаламшардағы әскери қақтығыстардың осынау қиын кезеңінде елімізге бейбітшілік пен тұрақтылық өте қажет. Онсыз ешқандай реформалар немесе жалпы оң өзгерістер болмайды. Сондықтан құқық қорғау органдары бұзушылықтар үшін қатаң шаралар мен жазалар қолдануы керек”, – деді Тоқаев.
Ол Қазақстанды “Штрафстан” не “Айыппұлстан” деп атайтындарға үндеу жасады.
“Елімізді ұнатпайтын және менсінбейтін кейбір адамдар, өкінішке қарай, олардың арасында Парламент депутаттары бар. Олар біздің заңды әрекеттерімізді "Штрафстан” немесе "Айыппұлстан" деп атайды. Мейлі, өздерінің ойларының таяздығын көрсете берсін. Халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қажет. Сондықтан біз бұл жолдан таймаймыз және "Заң мен тәртіп" саясатын табанды түрде жүргіземіз. Бұл – азаматтарымыздың талабы. Бұл мәселеге тұтастай алғанда қоғам да, әкімдер де барынша назар аударуы керек”, – деді ол.
Сондай-ақ ел басшысы "Таза Қазақстан" ұғымына ерекше тоқталды. Айтуынша, қалалар мен ауылдарды абаттандыруға, сондай-ақ аумақтарды көгалдандыруға назар аудару өте маңызды.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр