Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алатауға дейін SkyTrain: Тоқаев Алматы қаласы мен облысының әкіміне тапсырма берді

Алатау Сингапур тәжірибесі
Фото: pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы агломерациясын дамыту мәселесіне тоқталып, Алматыға іргелес орналасқан Алатау қаласының сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге зор мүмкіндік беретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мұны өңірдегі билік өкілдері де, кәсіпкерлер де жақсы түсінуге тиіс. Сондықтан тағы да атап өтемін: Алатау қаласында ең алдымен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажет. Кәсіпорындар ашылған сайын халық та осы қалаға қоныстана бастайды, бұл өз кезегінде Алматыға күнделікті қатынайтын халық санын азайтады", – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазір күн сайын Алматыға облыстан шамамен 400 мың автокөлік кіріп-шығады. Осыған байланысты Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейтіп, жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін дамыту қажет.

"Осыған байланысты Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, биыл 1 тамызға дейін қаланың шығыс және батыс бағыттары бойынша Skytrain желісін салу жобасын жан-жақты пысықтауды тапсырамын. Сонымен қатар Алатау қаласын Алматы қаласымен байланыстыратын жылдам қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін қарастыру қажет", – деді президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа қаланың Үлкен Алматы айналма жолы бойында орналасуы және оны Қорғас бағытымен жалғайтын теміржол желісінің жоспарлануы болашақта Алматы агломерациясының ауқымын кеңейтіп, ірі өңірлік кластердің қалыптасуына мүмкіндік береді.

"Яғни ірі өңірлік кластер қалыптасады. Өңір үшін маңызды жобалардың бірі – заманауи мультимодальді логистикалық орталық "Almaty SkyHub". Бұл ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажет жағдай жасалып, инвесторлар белсенді тартылуға тиіс. Қазірдің өзінде логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отырған шетелдік компанияларды қоса алғанда әлеуетті серіктестер бар", – деді ол.

Президент сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалану қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алатау қаласын құру туралы шешім күрделі экономикалық жағдайда қабылданғанымен, жоба жан-жақты сараланып жасалған. "Алатау қаласы – толық есептелген, жан-жақты пысықталған жоба. Оны жүзеге асыру үшін ең алдымен құқықтық, жер және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу қажет", – деді мемлекет басшысы.

Ол Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте президент қазір жалпы инвестиция көлемі шамамен 2 триллион теңге болатынын алға тартты. Сонымен қатар 50 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 50-ден астам инвестициялық жоба іріктелген.

"Алдағы бір-екі жылда басым салаларға инвесторлар тарта отырып, бұл жобалар қоржынын бірнеше есе ұлғайту қажет", – деді ол.

Мемлекет басшысы қала дамуына сырттан бақылаушы емес, отандық кәсіпкерлер де белсенді қатысуы керек екенін атап өтті.

"Бұл өте маңызды. Мысалы, Шэньчжэнь қаласының тәжірибесі көрсеткендей, алғашқы он жылда оның дамуына салынған инвестициялардың басым бөлігі шетелдік емес, ішкі инвестициялар болған. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай және Сингапур жағдайында мемлекет ең алдымен негізгі инфрақұрылымға қаржы құйған. Осылайша бизнес үшін тәуекел азайып, тұрақты инвестициялық цикл қалыптасқан", – деді президент.

Тоқаев үкіметке Алатау қаласының негізгі инфрақұрылымын дамытуға бастапқы кезеңде тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, мемлекет инфрақұрылымға қаржы салса, бұл жеке инвестициялардың келуіне жол ашады. Ал жеке капитал өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрып, салық түсімдерін көбейтеді және жаңа инфрақұрылымның пайда болуына ықпал етеді.

"Бастапқы инфрақұрылымды салу шығындарын жеке секторға жүктеу жобалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Тарифтері жоғары монополиялық құрылымдардың пайда болуына әкеледі және түптеп келгенде дамуды тежейді. Сондықтан үкімет қаланың базалық инфрақұрылымын дамытуға тұрақты қаржы бөлуді қамтамасыз етуі керек. Басқа жол жоқ", – деді мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, қажет болған жағдайда Алатау қаласына қосымша лимиттер беріп, тұрақты кіріс көзі қалыптасқанға дейін мемлекеттік қарыз алу құқығын беру мәселесін де қарастыру қажет.

"Сонымен бірге бюджеттен бөлінген әрбір теңге инвестициялық сипатта болып, қаланың ұзақ мерзімді дамуына бағытталуға тиіс", – деп қорытты Тоқаев.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Alatau Smart City жобасы мен өңірдегі қазіргі халық жағдайын сынға алған еді. Айтуынша, облыста әлі күнге дейін жарық, су, жол және интернет мәселелері бар.

Stan.kz
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 16:39