Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Інімді дуалап алған": Тұрмыстағы әйелмен сөйлесіп, өліп кеткен інісі үшін ағасы Тоқаевтан араша сұрайды

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұрмыстағы әйелмен байланыста болған деген желеумен 27 жастағы Әуезхан Баймырзаны өлімші етіп сабап кеткен. Күдіктілер бұл әрекетін марқұмның ағасының көзінше жасаған. Енді ет бауыры ағасы әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Інісінің өліміне себепші болған оқиға туралы ол Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

Ағасы Болат Баймырза бірінші топтағы мүгедек. Көз алдында інісін сабап жатса да қолынан келер шара болмаған. 

"Ініммен байланыста болған әйелдің аты - Ақерке. Ол заң бойынша тұрмыста, төрт баласы бар, бірақ күйеуімен бірге тұрмайды. Күйеуі - наркоман, алкаш. Ақерке базардағы саудагерлерге тамақ тасып беруші болып жұмыс істейді. Базарда інімнің сауда орындары бар. Сол жерге келіп-кетіп жүргенде екеуі дос болып араласып кетеді. Бір күні баласы ауырып, қызуы көтеріліп жедел жәрдем шақыра алмай менің інімнен көмек сұраған екен. Ойында ештеңе жоқ,  інім барып, көмектеседі. Керек заттарын алып беріп, қаржылай да көмектесіп жүрген екен", - деп сөзін бастаған Болат Баймырза әуелі інісінің бұндай қамқорлығынан бейхабар екенін айтты. 

3 наурыз күні Ақеркенің әпкесі мен сіңлісі Болаттың үйіне келіп, жағдайды баяндап, өзара мәселені шешпекші болған. 

"Олар Ақеркеге ініңіз қаржылай көмектесіп, сөйлесіп тұрады екен деп әңгімелерін бастады. Сосын мен: "Не айтып тұрсыңдар, менің інімнің отбасы, бала-шағасы бар, оның шалыс басуы мүмкін емес. Інім бес уақыт намазы оқиды, қажылыққа барып келген түзу жолдағы азамат. Сендер жала жауып тұрсыңдар" - деп келген әпкесі мен сіңлсіне түсіндірдім. Олар: "Ренжімеңіз, біздің қыздың ақымақтығы - бұл. Сіздің ініңіздің кінәсі жоқ бұл жерде. Сол үшін бұл мәселені шешейік, тоқтатайық" - деп айтты. Мен де бұл мәселені тезірек шешіп, нүктесін қою керектігін айттым. Өйткені мен құдаларымды жақсы көремін, сыйлаймын. Олардың алдында масқара жағдай болғанын қаламайтынымды түсіндірдім", - дейді Болат.

Ол барлық қиындық інісімен байланысқан келіншектің әкесі үйіне келгенде басталғанын айтады.Қызының қисық қылығын байқаған әкесі әуелі қызынан жауап алмай, бірден Әуезханды өлтіруге асықты дейді Болат. Ақеркенің әкесімен бұрыннан таныс Болат Әуезханның туған інісі екенін айтып сабырға шақырғанын. Үйіне келіп отырған әпкесі мен сіңлісі, соңынан келген әкесі мен шешесімен мәселені шешу үшін інісін ертіп, Ақеркенің жалдамалы үйіне барып сөйлескен екен. 

болат баймырза

"Әкесі "Менің қызыма інің неге келіп жүр?" деп сұрап қалды. Қызыңыздың өзі шақырмаса інім қайдан барады. "Тана сөзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" деп нақты айттым. Ақеркенің әпкесі мен сіңлісі: "Ініңіз телефон әперген екен, қаржылай да көмектескен екен. Ақерке ініңіздің ақшасына бола жүр" деп өздері айтып, мойындады. Содан кейін әкесі жағдайды түсінгендей болып, кешірім сұрап отбасын алып кетті. Інім ақымақ болма, бұл жүрісіңді доғар, отбасың, сүйген жарың бар, бұл қылығыңды қой деп уәдесін алып алдым", - дейді Болат. 

Осыдан кейін арадағы кикілжің тоқтағандай болған. Алайда біршама уақыттан соң Ақерке Әуезханды кездесуге шақырған. Белгіленген жерге барған Әуезханды Ақеркенің әкесі мен бұрынғы күйеуі, ағасы және бір топ "баскесерлер" күтіп алған. Көліктен түсіп үлгермеген Әуезханды қаскөйлер отырған жерінде жағадан алған. Ағасының айтуынша, көліктің іші қаннан көрінбей қалған. Одан кейін қол-аяғын байлап ішке кіргізіп тепкінің астына алған. Әбден өштерін алған олар Болатқа қоңырау шалып, ініңді тез алып кетпесең баскесерлердің қолында өледі деп ескерткен. Зәре-құты қалмаған Болат ұлы мен Әуезханның досын оқиға орнына баруды тапсырған. Өзі артынан келген. 

"Көмектесуге барған ұлым мен інімнің досын сендер кімсіңдер деп бұларды да сабаған. Қыздың шешесі ұлымның басынан дубинкамен ұрған. Қорғанам деп қолын көтерсе, екінші рет қолынан ұрған. Үшінші рет ұрғанда ұлым жерге құлаған. Сол кезде Ақеркенің әкесі, ағасы, інісі, күйеуі жабылып тепкіге алған. Әуезханның досы ұлымды құтқарып, ол жерден жаяу қашып кетеді. Мен келсем, інімді байлап қойып сабап жатыр екен. Басынан ұрып, теуіп жатыр. Оларға қойыңдар өлтіресіңдер, жедел жәрдем шақырайық деп жалындым. Сөзіме пысқырып та қарамады. Қыздың әкесі "тез көлікке салыңдар, қырға апарып көміп тастаймыз" деп бұйрық беріп жатыр. Қасыма нағашымды алып барғанмын, бірге айқайладық, "қазір жібермесеңдер полиция шақырамын, жіберсеңдер шақырмаймын" деп айтқан соң барып, босатты", - деп баяндады.

Қанды оқиға осылай тоқтаған. Енгіді "қызық" Сарыағаш аудандық тергеушілердің бұл іске атүсті қарауында. Тергеушілердің ісіне қарап, осы қылмысқа қатысты азаматтарды бүркемелеп жатыр ма деп қаласың. 

"Біріншіден, інімді нағашым алып кеткен соң көлігін тексеріп, заттары мен ақшасы ұрланғанын байқады. Оны менің қасымдағы адамдар да көрді. Кейін келген полицейлерге де тонау болғанын айтып бердім, өздері де тексерді. Көлікті экспертизаға бөлімшеге алып кетті. Алайда арада 3-4 күн өткен соң інімнің заттары көлік ішінде екен деп хабарлады. Бұл барып тұрған бассыздық қой. Екіншіден, балама жасалған қылмысқа қатысты арыздансам, жеңіл жарақат деп іске қоспады. Үшіншісі, арыздануға барған күні карантин деп бізді ішке кіргізбей, арызды жәшікке салуды сұрады. Айтқандарын істедім. Содан кейін бөлімшенің ауласына шығып келе жатып, інімді ұрған 4 қылмыскердің сонда жүргенін көрдім. Көлігіме жеткенде тағы қарасам, олар прокуратураға өз үйіне кіргендей кіріп бара жатқанын көрдім. Халыққа есік жабық, ал оларға ашық деп түсіндім", - дейді Болат.

болат баймырза

Жалғыз  інісінен айырылып отырған азамат Сарыағаш ауданында әділеттілікке жете алмайтынына көзі әбден жетіп, істі Түркістан облыстық сотқа ауыстырады. Бірақ аудандық тергеушілер мен бұзақылар тарапыннан әлі де болса қысым мен қауіп тыйылмай тұр дейді. Қазіргі таңда басты күдікті ретінде Ақеркенің күйеуі мен ағасы ғана қамауда.

Болат мырза інісі Әуезханның өз жарына сүйіп қосылғанын айтады. "Осы қызды алып бермесеңдер өлемін деп жүріп алған таңдаулысы. Екеуінің арасында ешқандай кикілжің болмаған. Келіншегін жақсы көргені соншалық Алматыда оқуын бітірігенше бірге қасында жүрді" дейді. Артында екі ұл, бір қызы және құрсақта тағы бір нәрестесі қалды.

"Өзім намаз оқитын болған соң басы артық дүниелерге сенбеуші едім. Бірақ 3 наурыздың ертесіне інімнің суретін алып дуа оқитын әйелге бардық. Маған ол жерге кіруге рұқсат жоқ, намаз оқимын. Қасымдағы жеңгемді жібердім. Енді мына қызықты қараңыз. Жеңгеме: "Ініңізге дуа жасалған, басын айналдырып алған. Күн сайын дуаны жаңартып отырған" депті. Одан кейін әлгі әйел "мұның соңы жақсылыққа апармайды, қан төгіледі, маған жігітті тез алып келіңдер" деген. Інім де ондай нәрселерге сенбейді, апара алмадық. Әлгі әйелдің айтқандары өтірік дейін десем, айтқаны дәл келіп, өз басымнан өтіп тұр. Көзі ашық, көгірегі ояу жігіт отбасы бола тұра басқа әйелмен өз еркімен қарым-қатынасқа түспейді", - деген сенімде марқұмның ағасы.

Болат Баймырза осылай інісін дұрыс жолдан дұғамен тайдырған деген ойда. Жұрт кәсіпкер бай-қуатты жігіттің өзге әйелге көз салуы қалыпты нәрсе деп түсініп қалмаса екен деп шырылдайды. 

"Әкемізден ерте айырылып, жоқшылықтың да, жетімдіктің де ащы дәмін татып өстік. Сондықтан інім ата-анасыз қалған балалардың жағдайын жақсы түсінеді. Өз күнімізді өзіміз көре алатын деңгейге жетіп, кәсіп ашып, жағдайымыз дұрысталғанда, інім Шымкенттегі №1 және №7 жетімдер үйінің тұрақты демеушісі болды. Бірақ бұл туралы көп жерде айтпайды. Одан кейін екеуміз Сарыағаштағы мешіттің салынуына көмек қолын созып, жәрдемдестік. Мұның бәрін құр мақтан үшін емес, "жақсының жақылығын айт нұры тасысын" демекші інімнің жақсылықтарын айтқым келеді. Ақеркемен шатылғаны да құмарлықтан емес, баласына көмектесіп, қарайласып тұрғанынан басталған. Сөйтіп екеуі жақын болып кеткен көрінеді. Мұны айтып жатқан себебім, інімнің жағдайы жақсарып өзіне көп нәрсе қолжетімді деп басқа қыздарға көз сүзген деп ойламасын деймін", - дейді  аға көңіл. 

Інісінен қапияда айырылып қалған Болат Баймырзаев әділдік іздеп, президенттен араша сұрайды.

"Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев! Сізге бүкіл халық болып сенеміз. Осы қылмыстық істі өз бақылауыңызға алсаңыз деймін. Қылмыскерлердің таныс-тамырмен қылмысын жасыруға жол берілмесе екен", - дейді Болат Баймырзаев. 

Талқылау