Индира Расылхан: Жалғыз ұлым болса да, келін екеуін бөлек шығарамын
Индира Расылхан жалғыз ұлы болса да, болашақта келінмен бірге тұруға ниетті емес. Әншінің сөзінше, ер азамат отбасы алдындағы жауапкершілікті сезу үшін жұбайымен бөлек тұруы керек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жуырда отандық арналардың біріне әнші жеке өміріне қатысты ақтарылып сұхбат берді. Өзінен 12 жас үлкен алғашқы күйеуі Индираны жүкті кезінде үйден қуып шыққан. Әнші бұл некеден егіз қыз тапқан.
3 жылдан кейін өмірлік махаббатын кездестіріп, қайта тұрмысқа шыққан. Бұл некеден бір ұл, бір қызы бар.
Болашақ келін тақырыбын дәл бүгін қозғауы бекер емес. Әншінің әзірге жалғыз ұлы 15 жасқа толған. Балалықты артқа тастап, бозбалалыққа өткен жігіт қазірден әпке-қарындасына қамқор көрінеді.
"Кеше ғана балалығымен бізді күлдіріп, сантүрлі жауаптармен таңғалдырған ұлымыз үлкен жігіт болды. Ұлымыз бүгін 15 жасқа толды.
Алланың қалауымен ұлымды дүниеге әкелгенде, ең бірінші кеудеме жатқызғанда қуаныштан жылағаным есіме түсіп отыр.
Балалығын артқа тастап, бозбала шағына қадам жасап, өмірге деген құштарлығы мен ата-аналық махаббатты бойына сіңіріп келеді. Менің жүрегім ғой.
Үш қыздың ішінде жалғыз ұл бола тұра, бәріне қамқорлығын көрсететінін қазірден бастап сезінеді. Жігіттік мінезі бар азамат болып келеді. Қалай мақтасам да тілім жалықпайды, ауызым шаршамайды-ау!
Әлхамдулиллаһ!
Биязы мінезі, ақкөңіл пейілі, жұмсақ жүрегіне Алла екі дүние бақытын берсін деп тіледім. Мен ұлыма сенемін!
Бір ұл деп кейін қолымда ұстап отырмаймын. Себебі отбасылық жауапкершілікті сезінуі үшін келін екеуін қазірден бастап бөлек шығаруға өзімді настрой жасап жатырмын", – деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасында.
Оқырмандардың басым дені Индирамен келісті. Оқырмандар бөлек тұрған жастардың тіршілікке тез бейімделіп, қатая түсетінін жазды.