Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сиқырдың кесірі шығар": Индира Расылхан екінші күйеуімен неге ажырасқанын білмей жүр

Алғашқы некесі сәтсіз аяқталғаннан кейін, Индира Расылхан арманындағы жігітті кездестірді. Одан бір ұл, бір қыз тапты. Өзі ерекше сыйлап, құрметтейтін азаматы Асқармен 20 жылға жуық уақыт бірге тұрды. Алайда осыдан 1,5 жылдай бұрын екіге кетті. Себебін әншінің өзі де дөп басып айта алмады. Бұл туралы Stan.kz Hit-TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өте тамаша азамат. Тамаша болғандығы соншалық, өзінің өмірін өзі сүрсін дедім. Әйел баласы ер адамның жылылығын, қамқор болғанын қалайды екен. Мен Алматыға келгеннен кейін, 26 жасымда Асекеңмен таныстым. Ол бірінші көрген күннен "маған күйеуге шық, сені жақсы көремін" деп айтты. “Мен ондай ертегіге сенбеймін. Ондай заманнан өтіп кеткенмін. Менің егіз қыздарым бар” деп бірден айтып тастадым. “Ештеңесі жоқ” деді. Ол 30 жаста еді. “Шамалы уақыт керек” дедім. "Иә, әрине, бірақ бәрібір менікі боласың" деді", – дейді әнші. 

Оған дейін үйленбеген, бойдақ жігіт әнші Индираның жүрегін жаулау үшін барын салған. Күнара гүл сыйлап, жылы сөздерімен өзіне қаратқан. 



"Өте романтик азамат. Оны айтып жеткізе алмаймын, 2-3 күннің бірінде гүл. Күнделікті тамаша сөздерін айтып, көңіл күйімді аулайтын мүмкіндік жасады. Бірден жоқ демесем де, "көр енді" дедім ғой. Ер азаматтың бойында жаулап алуым керек деген міндеті болғандықтан, автоматты түрде сол қосылып кетті. Таңғы 6-да жұмысқа тұрып кететін болса да, түнімен менімен студияда жүретін. Кешке тойға баратын болсам, апарып-алып келетін. 2 ақ сағат ұйықтап, жұмыс жасап жүрген жайы болды", – дейді Расылхан.

Өнер иесі өзін соншалықты жақсы көрген азаматпен не себепті айырылысып кеткен білмейді. 

"Айта алмаймын. Ұрысып, бір-бірімізге қатты сөйлеп көрген емеспіз. Реніштерім болған шығар, оны жай айтқан кездерім болды. Бірақ неге олай болғанын әлі күнге дейін түсінбеймін, анам да түсінбейді. Жақында бір кісіге барып, оқытылдым. Сиқыр бар дегеннен кейін, соның да кесірі ма деген ой болды. "Отбасы болмасын" деп жасаған шығар?! Қазір ол анасымен бірге тұрады", – дейді әнші. 

Айтуынша, балалары әкесімен байланысын үзбеген. 

"Ешқашан да балаларыма "әкең сенің сондай" деп айтып көрген емеспін. Себебі әке – ол асқар тау болу керек. Менің қызым әкесіне жабысып қалған кезде, олардың махаббатын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қайта қосылу үшін кейбір талаптарға көну керек. Ер азамат ретінде басын жерге ұрғым келмейді. Бала-шағамның әкесін мен жамандауға тиісті емеспін. Ауыртпалық, қиындық болды, ара-қатынасымызда қиын сәттер болды, сол нәрсенің бәрінен шаршаған адам шығармын. Сол жерден тоқтатайық деп екеуміз екі жаққа кеттік", – дейді Индира.

Әншінің болжамынша, көңілдің суығаны да себеп болуы мүмкін.

"Әйел адамның ең бірінші жаман қасиеті көңілі суып қалса, қайта бармайды. Әйел адамы "қалай ұмытсам екен?", ал ер адам "қалай орнына келтірсем екен?" деп ойлайды екен. Сол үшін ер адам оған дейін ойлану керек. Мені апарма деп жай да, жылап та, күліп те айттым. Мен бір бұрылсам, қайта келмеймін. Мен кетіп қалмайын, ұстап қалшы дедім", – дейді Индира Расылхан.

Өнер иесі күйеуі өзге әйелмен көңіл қосса, қарсы болмайтынын, оған тек қана бақыт тілейтінін жеткізді. 

"Бар болса бар шығар?! Қарсы емеспін. Сонша уақыт ер азаматтың өзімен өзі жүруі мүмкін емес деп ойлаймын. Болып жатса, мен тек қана бақыт тілеймін оған. Ешқандай да ренішім жоқ десем, сенесіз бе? Өте қатты сыйлаймын. Ондай азамат шынында жоқ. Бірақ екеуміз тіл табыса алмадық, ой-өрісіміз келмеді, бірге армандау, бірге мақсат тұту деген нәрсе болған жоқ бізде. Ортақ әңгіме болған жоқ", – деп ағынан жарылды әнші. 

Айта кетейік, әнші осы сұхбатында бірінші күйеуі жайлы айтқан еді. Аяғы ауыр кезде үйден қуып шыққан азаматты ел танитынын мәлімдеді. Сондай-ақ Индира әкесінің өзге әйелмен көңіл қосқанын, ол жүкті болғандықтан, анасының үйге кіргізгенін айтқан болатын. 

Талқылау