Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Имам Қабылбек Әліпбайұлы: Дарын Мүбаровтың басқа ағымда екенін бетіне айта аламын

Белгілі ұстаз, ислам заңгері, имам Қабылбек Әліпбайұлы Дарын Мүбаровтың ақидасын жоққа шығарады. Уағыз барысында Мүбаровтың сенімі мен уағызы дұрыс емес деген пікірін айтты. 

Қабылбек Әліпбайұлы уағыз айтып, ислам білімін көпшілікке насихаттап жүр. Уағызының бірінде салафизм, өзге ағым, ақиданың дұрыстығы мен Дарын Мүбаров жайлы айтқан. 

Дарын Мүбаровтың бір кездері уағызшы ретінде танылғаны белгілі. Кейбірі оның өзге ағым мүшесі екенін айтып жатты. Бұл ретте Қабылбек Әліпбайұлы Дарын Мүбаровтың дін маманы емес, журналист екенін айтты. 

"Дарын Мүбаров дін маманы емес, оның мамандығы журналист. Сол саланы бітірген. Артынан ерген шәкірттері көп. Ол ағымнан қайтып, жолын тапқандар да көп. Дарынның ақидасы - кәпірлердің ақидасымен бірдей. Олардың сенімі қалай болса, бұл да солай. Ол құдай аспанда, оның аяқ-қолы бар, дене мүшесі бар деп үйретеді. Тек құдайдың әйелі бар, ұлы бар деп үйретпейді. Бір айырмашылығы сол, жақында оны да үйрететін шығар. Өздері мұны дұрыс санайды. Мен Дарынның сенімі дұрыс емес екенін бетіне де айта аламын. Өз сөзіме жауап беремін", - деді Әліпбайұлы. 

Қабылбек Әліпбайұлы ислам жолында жүрген өзге ағым мүшелерін де бауыр санайды. Себебі бұның сүннет екенін айтады.



"Біз адасқан бауырларымызды бауыр деуіміз керек, олар бізді кәпір деп айта берсін. Біз сүннет жолын ұстануымыз керек. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) "менің үмбетім 73 ағымға бөлінеді" деген. Оның бәрін үмбетім деген. Басқадан бөлмеген. "Соның 72-і тозаққа барады, 1-уі ғана жәннатқа барады" деген. Адасқан ағымнан қайтып, тура жолға түскендер бар. Біз онсыз да аз халықпыз. Адасқанның бәрінен теріс айнала беруге болмайды. Ақыл айтып, білмегенін қайтаруымыз керек", - деді ол. 

Қабылбек Әліпбайұлы Бекболат Тілеухановтың бір сөзімен келіспейтінін жеткізді. Тілеуханов бір уағызында Қазақстанға таухид 89-90 жылдары келді деген. 

"Желіде байқасаңыздар танымал азаматтарымыздың әңгімелері бар. Таухид Қазақстанға 90-жылдары тәуелсіздік алған соң келді деген сөздері бар. Таухид дегеніміз - құдайдың біреу екеніне сену. Тәуелсіздік алғанға дейін біз құдай екеу немесе он бес құдай бар деп сеніп пе едік? Ата-бабамыз да құдайдың бір екеніне сеніп келді, ғасырлар бойы бір құдайға табынды. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Егер 90-жылдардан бастап елімізге салафизм келді, уахабизм келді, өзге ағымдар келді десе, мен қос қолдап қолдар едім. Себебі ол солай. Ал мынадай әңгімемен келіспеймін", - деді ұстаз.

Талқылау