ІІМ Щучинск қаласында жол апатынан қаза болған полицейлер туралы мәліметтерді жариялады
Ішкі істер министрлігі Щучинск қаласында апаттан қаза тапқан полицейлер туралы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бүгін қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторлары Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің отбасыларына қайғырып көңіл айтты.
Полиция капитаны Қанат Отарбаев органдарда 16 жыл қызмет етті. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленді. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста.
Полиция капитаны Қанат Болатұлы Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.
“Олардың кәсібилігі мен парасаттылығын, өз қызметіне адалдығын басшылық та, халық та бағалаған. Олар әріптестерінің арасында сыйлы болды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарымен бірге қайғырады”, – деді министр.
Еске салайық, жол апаты бүгін Ақмола облысының Щучинск қаласында Абылайхан - Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған. Қызметін атқарып, оқиға орнынан келе жатқан полиция қызметкерлерінің көлігіне жол ережесін ескермей, бағдаршамның қызыл шамынан үлкен жылдамдықпен өткен Lexus маркалы автокөлігі соқтығысқан.
Қызметтік автокөлікте болған Бурабай ауданының ПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары алған жарақаттардан жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды.
Кейін күдіктінің жеке тұлғасы анықталды, ол бұрын бірнеше рет сотталғаны, 2022 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
