Хиджаб киюге тыйым: Қазақстандағы жеке мектептер ескертусіз тексеріледі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте хиджабқа тыйым салу туралы сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: seekersguidance.org
Министр діннің білім саласынан бөлек тұрғаны жөн екенін айтты.
“Білім беру ұйымдарында арнайы ережелер мен заңдар бар. Біз осы ережелерді ұстанып, оларды орындауымыз керек. Барлық білім беру ұйымдары осы талаптарды орындайды. Талап мектеп ережелері мен жарғыға да енгізілген. Жеке білім беру ұйымдарына келсек, мысалы, [оқушылардың хиджаб киюі бойынша] нақты шағым келіп түскен кезде біз Атырау облысындағы осындай мектепті жаптық. Сондықтан бұл жұмыс жалғасады”, – деді министр.
Ғани Бейсембаев мектеп білім алу мен тәрбие орны болуы керегін атап өтті.
“Біз өскелең ұрпақтан табысты тұлғаны қалыптастыруға тырысуымыз керек. Сондықтан біз бұл саясатты әрі қарай жалғастырамыз. Кәсіпкерлік кодексі бойынша бізде сигналсыз жеке мектептерді тексеретін құзырет болған жоқ. Тіпті болған кезде де прокуратураның рұқсатымен тексерілетін. Қазір бұл бағытта үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Енді біз барлық білім беру ұйымдарындағы заңдылықтың орындалуын тексерумен сәйкестендіру үшін кез келген білім беру ұйымдарына ескертусіз кіруге мүмкіндік аламыз”, – деді министр.
АҚШ-тың әлем елдеріндегі діни сенім бостандығы жөніндегі комиссиясының баяндамасына түсініктеме бере отырып, Бейсембаев ең бастысы, ел заңының үстемдігі маңызды екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Конституциялық сот мектептерде хиджаб киюге тыйым салуға қарсы мәлімдемені қараудан бас тартқаны туралы жазған едік.