Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хайуандық, надандық": Айгүл Иманбаева "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның әрекетіне пікір білдірді

Сахнаға ішімдік ішіп шығып, мемлекеттік туды қорлаған Shiza мен "Ирина Кайратовна" мүшесінің әрекеті қоғамда резонанс тудырды. Өнер иелері рәміздерді мазақ еткен әріптестерін сахнадан аластатуды сұрап отыр. Айгүл Иманбаева қос әртістің әрекетін "хайуандыққа" теңеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Иманбаева болған оқиға жайлы пікірін Instagram парақшасында бөлісті. 

"Сахнаның киесі "Киім кірі жуса кетеді, Көңіл кірі айтса кетеді" демеуші ме еді дана қазақ. Бір мен емес, бүтін қазақтың көңілін кір шалды, жүрегін сыздатты, ұйқысын қашырды. "Ирина Қайратовна" шыққан сол концерттегі бейәдеп қылықтар мен былықтар бір-ақ күнде шашымызды ағартты,  талайымызды қартайтты.

"Бардан жұғады, Балдан тамады" дейді, бар да емес, бал да емес, Абай айтқан "менімен сен тең бе деп мақтанатын, білімсіз, боқ көтерген боқтың  қаптарын" қалайша киелі сахнада тайраңдатып қойдық?!

"Сахнаның киесі ұрады" дегенді естіп өскен буын едік, осы сөзден-ақ сескеніп едік. Сахнада өнер көрсеткенде сенің сол төрдің иесі екенің рас, бірақ сахнаның киесін ұмытатындай не күн туды басымызға?! Біз де ұстаздың алдын көрдік, Қазақ елін, топырағын аузына қаратқан небір дүлдүлден сабақ алдық. Бүгінде өзіміз де ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеп отырмыз. Көрерменнің ықылас-ілтипаты қашан да бірінші орында тұрады, өнер адамының этикасы, сахнаның әдебі дегенді әр концерт сайын айтамыз, арнайы дәріс те өткіземіз. "Ұстазы жоқтың ұстазы – шайтан" екенін сахна мәдениетін білмейтіндер ерсі қылықтарымен дәлелдегені ме?



Өнердің міндеті не? Ұрпақты, көрерменді тәрбиелеу. Рухын байыту. Жанын пайдалы азықпен семірту. Ал тәнін семіртуді мақсұт еткен мұндайлардың қылығын Отанға жасалған опасыздық деп білемін. Өнердің төрешісі – мен емес, әрине, халық. Халық та неше күннен бері бетін шымшып, кірерге тесік таппай отыр.

Жас шығар, біз де жас болдық. Заманауи шығар, біз де кезінде заманның талабына сай жүрдік. Бірақ аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығып, сахнада оспадар қылық көрсеттік пе? Бұл – адамдық емес, сірә, хайуандық, надандық. Ал есті адам, көкірегінде саңырауы бар адам" атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын" демеуші ме еді?!

Кешегі ұлтынан ешқандай ақы сұрамай, тегін қызмет етіп, жанын пида еткен Алаш арыстарының ізбасарлары қайда? Болашақтың иелері қайда? Қазақтың болашағы қайда?

"Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін" деп күйінгеннен,  ұлт болашағына алаңдағаннан айтқан ғой ұлт ұстазы Ахмет атамыз. Ұлттан садағаң кеткірлер-ай... Қайтейін.... Қайырын бер, Алла!” –  деп  жазды Айгүл Иманбаева.

 

Талқылау