Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Харассмент жиі орын алатын жерлер жұмыс орны": Депутат елімізде алымсақтыққа қарсы заңды бекітуді талап етті

Сенатор Дархан Қыдырәлі әйелдерді харассменттен қорғауды күшейтуді, алдағы уақытта осыған байланысты бұзақылықты басу үшін шаралар жасауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенат отырысынан

Депутат премьер-министр Әлихан Смайловқа сауал жолдады.

“Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі айрықша алаңдатып отырғаны белгілі. Соңғы 3 айда елімізде заң бұзушылықтың 4 есеге артқаны соның айғағы. Расында әдепсіз әрекеттер әдетке айналып барады. Кейбір азаматтар өзгелерге түрлі деңгейлерде тиісу, дөрекілік таныту, зәбір көрсету, қысым жасауды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Қылмыстың кез келген түрін ақтауға болмайды. Сондықтан заң бұзушылыққа төзбей, оған шаралар қолдану қажет деп ойлаймыз”, – деді Дархан Қыдырәлі.

Осы ретте депутат БҰҰ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп жүргізген еліміздегі харассмент және зорлықтың деңгейінің негізгі себептеріне арналған зерттеудің нәтижесін де алға тартты. 

“Зерттеуде респонденттердің жартысынан астамы Қазақстанда жұмыс орнында харассменттің барын растаған. Харассментке ұшырағандардың 57,6 пайызы бұл фактілердің бірнеше рет орын алғанын атап өткен. Бұл орайда харасменттің белгілі бір тұлғаға физикалық қана емес, менталды және эмоциялық қысым көрсету екенін ескеру қажет. Харассмент жиі орын алатын жерлер тұрақты жұмыс орны 41%, корпаративтік іс-шаралар 38 %. Азаматтардың уақытының көп бөлігі жұмыс орнында өтетінін ескерсек, бұл алаңдарлық жайт”, – деп қосты ол.

Депутат елімізде харассменттің алдын алатын заңның болмауы үлкен мәселе екенін алға тартты.

“Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады. Қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпес үшін азаматтарымызды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы күшейту керек. Елімізде кез келген жастағы, жыныстағы адам өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі тиіс. Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы конвенциясы бар. Бұл конвенцияны әлемнің 19 елі ратификциялаған. Қазақстанның құжатқа қоссылғаны маңызды қадамдардың бірі болмақ”, – деді Қыдырәлі.

Сөз соңына депутат Әлихан Смайловтан харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.

Талқылау