Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың алғысы біз үшін үлкен байлықпен пара-пар": Алматылық азамат ерікті ретіндегі тәжірибесімен бөлісті

2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланды. Осы уақыттан бері өз еркімен қоғамға пайдасын тигізгісі келетін жандардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Солардың бірі алматылық Руслан Закиев 2015 жылдан бері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қант диабетімен ауыратын балалардың құқығын қорғаумен айналысады. Қазіргі уақытта ол қант диабеті қауымдастығының президентік қызметімен қатар жоғалған жандарды іздеу үшін құрылған ұйымның белді мүшесі. Stan.kz тілшісімен тілдескен азамат іздеу жұмыстарының қауіп-қатерлері мен еріктілердің қоғамға пайдасы туралы айтты.

руслан закиев

"Өз балаларым қант диабетіне шалдыққандықтан мәселеге бей-жай қарай алмадым”

46 жастағы Руслан Закиев қант диабеті мәселелеріне арналған Diadetki.kz сайтының негізін қалаушы және редакторы. 2019 жыл мен 2020 жылдың аралығында ол ҚР қант диабеті қауымдастығының вице-президенті болып тұрғанында осы ауру түріне шалдыққан балаларға психологиялық тренингтер ұйымдастырып, олардың өмірге деген құлшынысын ояту үшін көп еңбектенген. Өзі бұл жөнінде тоқталған сөзінде, бұл мәселе барлық ата-ана үшін өте маңызды екенін жеткізді.

"Менің негізгі мамандығым – графикалық дизайнер. Сонымен қоса қант диабеті қауымдастығының президенттігі лауазымын да қоса атқарамын. Және еліміздегі қант диабетіне шалдыққан адамдарға көмектесемін. Қазіргі уақытта біздің елімізде бұл ауру түрімен ауыратын адамдар саны 400 мыңға жуық. Өзімнің екі балам қант диабетімен ауырады. Сол себепті аталмыш мәселеге бей-жай қарай алмадым. Меніңше, бұл барлық ата-ана үшін аса маңызды", - дейді Закиев.

Өзінің біршама жұмысымен қатар Закиев еліміздегі жоғалған адамдарды іздеуге арнап құрылған Lider.kz ұйымының қатарында. 

"Lider.kz ішкі істер органдарымен бірге із-түссіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Іздеу жұмыстарында көбінесе арнайы полиция өкілдері жүреді, ал еріктілер іздеуші санын көбейту үшін, тезірек табуға сеп болу үшін қатарға қосылады. Себебі кейбір жерлерді түгелімен тінтіп шығуға тура келіп қалады. Осындай уақытта еріктілердің көмегі аса қажет болады", - дейді азамат.

"Әр қазақстандық – біздің жалғызымыз"

Еріктінің айтуынша, ұйымның сапында үлкен тәжірибеге ие азаматтар бар. Олардың барлығы төтенше жағдайлар қызметінде, ішкі істер органдарында тәжірибеден өткендер. 

"Сондай-ақ әлеуметтік желілерде біздің іздеу жұмыстарымыз туралы ақпарат салып отыратын еріктілер де бар. Олардың еңбегі де елеулі. Өйткені олардың көмегімен жоғалған адамдар туралы көпшілік хабардар болады", - деп қосты Закиев.

Волонтердің сөзіне сүйенсек, ұйымның қатарындағы еріктілердің нақты санын айту қиын. Алматы қаласында тиісті дайындықтан өткен 50-ге жуық адам бар деген ол негізгі құрамның қатарында 100-ден аса ерікті бар екенін алға тартты. 

"Іздеу жұмыстарына барлық еріктілер бірдей шықпайды. Соны түсіну керек. Себебі олардың әрқайсысының өз жұмысы, отбасы бар дегендей. Негізгі іздеу шараларына 15-20 адам шықса, ал барлығының көмегі қажет болған жағдайда 70-80 адамға дейін жұмылдырылады”, - дейді ерікті.

Бұған қоса алматылық азамат ерікті болу үлкен құлшынысты талап ететінін жеткізді. 

"Іздеушілердің барлығына тән мынадай қасиет бар. Олар басқаның қайғысына бейжай қарамайды.  Әрбір қазақстандық – біздің жалғызымыз. Сондықтан еріктілер әркез көмек қолын созуға дайын әрі асық болып тұрады. Бір жағынан бұл әлемдегі ең оңай жұмыс, дегенмен үлкен құлшынысты талап етеді. Ерікті болу үшін білімнің, дипломның қажеті жоқ. Тек адамдарға көмектескің келсе болғаны", - дейді ол.

руслан закиев 2

"Үлкен трагедиядан кейін қатарымыздағы кетіп қалғандар болды"

Руслан Закиев іздеу жұмыстарында қиын кезеңдер көп болатынын айтады. Осы ауыр сәттерді басынан өткерген кейбір іздеушілердің кетіп қалғанын еске алды.

"Іздеушілер үшін де бастан өткізу қиынға соғатын кездер болады. Мысалы, өткен жылдың көктемінде Алматы облысында 3 бала суға батып кетті. Ол балалардың денесін біз таптық. Мұндай трагедиядан кейін қатарымыздағы біраз жігіттер кетіп қалды. Себебі мұндай кезеңдерді бастан өткізу өте қиын. Сондай-ақ өткен жылдың қаңтарында қаза тапқан жасөспірімді тауып алдық. Жалпы бұл оқиғалардың барлығы іздеушілер үшін оңайға соқпайды", - дейді ол.

Ер азаматтың сөзінше, өзі де еріктілер қатарынан кетіп, қайтып оралған. 

"Менің өзім еріктілер қатарынан екі рет кетіп қалып, қайта оралдым. Бір уақыттарда осы жүрісім де жетер деген ойлар болды. Бірақ қайда барсақ та бәрібір айналып келеміз. Себебі өміріңді іздеу жұмыстарынсыз елестете алмай қаласың. Осындай сәттерде бір оқиға болды. Мен қатардан кетіп қалған уақытта, бір қария тауға шығып кетіп, жоғалып кетеді. Арада он күтіп, ешбір хабар болмаған соң, барлығы ол азаматтың тірі екенінен күдерін үзген. Ал іздеушілер қатарында менің тауға өрмелеу бойынша тәжірибем мол, өйткені жас кезімнен альпинизммен айналысқан едім. Осы кезде мен қайта оралуға бел будым. Басқа еріктілер бұл уақытта таулы аймақтың түкпір-түкпірін тексеріп қойған. Мен іздеуге шықтым, алайда, бір өкініштісі, қарияның тек денесін таптық", - деп еске алады азамат.

"Баласының қайтыс болғанын естіген ананың келбетін ешқашан ұмытпаймын"

Руслан Закиев іздеу жұмыстары кезінде өзіне әсер еткен оқиғасы туралы айтты.

"Кез келген іздеушіге қатты әсер еткен оқиға болады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер жоғалған сәттерде мұның соңы қалай аяқталатынын білмейсің. Жоғарыда суға ағып кеткен балалардың денесін тауып алған секілді оқиғалар мәңгілікке санаңда қалып қояды. Сол себепті біз жас еріктілерге әрқашан ақылымызды айтып отырамыз. Өйткені мен баласының тірі екенін естіген ана мен баласының қайтыс болғанын естіген ананың түрін көрдім. Оны ешқашан ұмытпайсың. Мұндай оқиғалардың соңы үлкен күйзеліске ұласып кетуі де ғажап емес. Сондықтан біз қатарымызға тек жасы 25-тен асқандарды ғана аламыз", - деп жалғады ол.

Ерікті азамат Lider.kz ұйымы халықтан ешқандай қаражат жинамайтынын айтады. Сөзінше, халықтың алғысы кез келген ерікті үшін үлкен байлықпен пара-пар.

"Біз еріктіміз ғой, сондықтан әлбетте еңбегіміз үшін ақы сұрамаймыз. Алмаймыз да. Біздің қатарымызда адамдарға пайда әкелгісі келетін, көмек қолын созғысы келетін жандар бар. Сондықтан біздің пайдамыз мұқтаж жандардың алғысы", - дейді азамат.

"Әрбір ерікті кез келген тосын оқиғаға дайын болуы керек"

Руслан Закиев жас еріктілерге ақыл-кеңестерін айтты. Оның айтуынша, еріктілердің жұмысы үлкен жауапкершіліктен тұрады.

"Біздің ұйымның жас еріктілер қанаты бар. Жоғарыда айтқанымдай, еріктілердің жұмысы үлкен жауапкершіліктен тұрады. Әсіресе біздің қатарымызға келетін жастарды біз алдымен білім мен тәртіпке үйретеміз. Себебі іздеу жұмыстары өте қым-қиғаш сәттерге толы. Кей кездерде тосын жағдайлар да болып тұрады. Бір сөзбен айтқанда кез келген ерікті форс-мажорға әзір болуы шарт. Мәселен, біздің іздеу жұмыстарымызда бір қағида бар – бұйрық талқыланбайды, тек орындалады", - деп түйіндеді ол.

Талқылау