Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хабиб Нурмагомедовтың Ақтауға келуі: Полицейді итеріп жіберген кәсіпкер қамауға алынды

16 шілдеде Ақтауда бұрынғы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың қатысуымен MMA бойынша “Naiza 41 x Eagle 48” халықаралық турнирі өтті. Келесі күні әлеуметтік желіде ерлердің бірінің полиция қызметкерін итеріп жатқаны бейнеленген видео тараған болатын. Ол азамат жауапкершілікке тартылмақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Еске салайық, бұған дейін желіде жанкүйерлердің Хабиб Нурмагомедовпен кездесуі түсірілген видео пайда болған еді. Қонақты күзетшілер мен полицейлер ертіп жүрді. Бір кезде көк жейде киген ер адам полиция қызметкерін итеріп жіберді.

"Бейнежазбадағы адамның жеке басы анықталып, ол Ақтау қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Оған қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс әкімшілік сотқа жолданды", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.



Полицейлердің айтуынша, ер адам ұйымдастырушылардың бірі болған.

Әкімшілік соттың шешімімен ер адам 10 тәулікке қамауға алынып, Ақтау қаласындағы арнайы қабылдау бөліміне орналастырылды.

Еске салсақ, Хабиб Нурмагомедовтың Ақтаудағы жанкүйерлері онымен кездесу үшін жиылған болатын. 

Талқылау