Грузияда наразылыққа шыққандар оларды белгісіз жандар ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсеткендерін айтты
Грузияда наразылық акциясына шыққандар соққыға жығылғандарын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sova сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Sova
Грузияда сәуір айының ортасынан бері "Шетел агенттері туралы заңға" қарсылардың наразылықтары жалғасып жатыр. 1 мамырда ел парламенті бұл құжатты екінші оқылымда мақұлдады. Осыған қарамастан көшедегі наразылықтар тоқтаған жоқ. Белсенділер оларды белгісіз біреулер соққыға жыққанын айтады.
8 мамырда Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының мүшесі Дмитрий Чиковани мен наразылық шерулерін ұйымдастырушылардың бірі Лаша Гвинианидзе шабуылға ұшырап, зардап шеккен.
Тағы бір оппозициялық саясаткер, "Гирчи – көбірек бостандық" партиясының жетекшісі Зураб Джапаридзе ағасына шабуыл жасалғанын хабарлады. Саясаткердің айтуынша, оның туысын бейсбол таяқшаларына ұқсас таяқтармен екі-үш адам ұрған.
"8 мамырда түстен кейін Джапаридзе мен оның бүкіл отбасына қоқан-лоққы қоңыраулар түскен. Саясаткердің ата-әжесіне немерелері жетім қалатынын айтып қорқытқан", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Грузия парламенті "Шетелдік агенттер туралы" заңды екінші оқылымда қабылдағаны айтылды.