Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғазизхан: Қайрат Нұртас болмаса да, сахнаға шығар едім

Көпшілік Ғазизхан Шекербековті Қайрат Нұртастың жанынан көріп үйренген. Тіпті, елдің басым дені Қайраттың арқасында танымал болды деп ойлайды. Дегенмен, Шекербековтің өзі бұлай санамайды. Айтуынша, халыққа танылуына композитор Арман Дүйсеновтің ықпалы көп болған. Бұл туралы Ғазизхан Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Арман Дүйсеновтің мені танытуға жасаған еңбегі көп. Әр кездесу сайын, сөйлеген сөзімді, әрекетімді бетіме басып отыратын. Соның арқасында үлкен тәрбие алдым. Сол тәрбиенің, қалыптасқан болмысымның арқасында, Қайрат Нұртас болмаса да, басқа жолдармен болса да шығар едім", - деп мәлімдеді Шекербеков. 

Әншінің айтуынша, Арман Дүйсеновтің арқасында ол өнер аламанында шабуға дайын болған. - Қайраттың қасына да дайын болып бардым, дейді өзі. Дегенмен, Ғазизхан Қазақстанның түкпір-түкпірін Қайраттың қасында жүріп аралап, мол тәжірибе жинағанын жасырмайды. 

"Қайраттың қасына дайын болып бардым. Қайраттың қасында жүріп, жаңа деңгейге көтерілдім. Оның халықпен қалай жұмыс істейтінін, халықтың оны неге жақсы көретінін көрдім. Бұл жерде Арман ағаның ықпалы көп болды, Қайраттікі болмады деген әңгіме емес. Тек бірінші ұстазым болғаннан кейін, Арман аға биік тұрады.



Адамның ішкі арманы мен мақсаты алға жетелейді. Ол қатты сол нәрсені қалаған кезінде, Алла Тағала Қайрат сияқты бауырымызды себепкер қылады. Сөйтіп бара жатқан жолыңа қарай апарады. Егер Қайрат болмай қалса да, сол жаққа барғым келіп тұрған еді", - деді әнші. 

Ол Қайрат Нұртасты құрметтейтінін жеткізді. 

"Қайратты көрсем қолын алып, құшақтап, көрген жерімде құрметімді жасап жүремін. Біреу ол туралы дұрыс емес әңгіме айтып жатса, мен дұрысын айтуға тырысамын", - дейді Ғазизхан.

 

Талқылау