Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Газадағы атысты тоқтату: Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының талабын қолдады

БҰҰ Бас ассамблеясы Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуды, барлық кепілге алынғандарды босатуды және қақтығыс аймағына гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз етуді талап ететін қарар қабылдады. Қазақстан бұл талапты қолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі UN.org басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: news.un.org

Резолюцияны Бас Ассамблеяға қатысушы елдердің 153-і қолдап, он ел ғана қарсы шықты. Олардың қатарында АҚШ, Израиль, Австрия және Чехия бар. 23 мемлекет қалыс қалды. Олардың қатарында Украина, Грузия, Германия, Болгария, Аргентина бар.

Сонымен қатар резолюция  барлық тараптардан халықаралық гуманитарлық құқық бойынша, әсіресе бейбіт тұрғындарды қорғауға қатысты міндеттемелерді орындауды талап етеді.

Желтоқсанның 8-і күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде осындай талаптары бар қарарға тосқауыл қойылды. Қауіпсіздік кеңесінің 13 мүшесі құжатты қабылдауға дауыс берді, Ұлыбритания қалыс қалды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларынан айырмашылығы, Бас Ассамблея қарарларының заңды күші жоқ.

Айта кететйік, бұған дейін Қазақстан БҰҰ бас Ассамблеясының Израиль шекарасына қатысты қарарын қолдаған еді. 

Дауыс беру 28 қараша күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы барысында өтті. Құжатқа сәйкес “Израиль оккупациялап алған Голан биіктігінен кетуі тиіс”.  

Құжатқа 91 мемлекет дауыс берді, оның ішінде Қазақстан, Қытай, Ресей және Үндістан бар. Ал сегіз мемлекет (Израиль, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Маршалл аралдары, Микронезия және Палау) қарсы болды. Тағы 62 мемлекет қалыс қалды.

Талқылау