Газ бағасының өскеніне наразылық білдірген Жаңаөзен тұрғындары митингіге шықты
Жаңаөзенде тұрғындар митингке шықты. Олар газ бағасының өсуіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кеше, 1 қаңтарда газ 120 теңгеге дейін қымбаттады. Жаңаөзен тұрғындарын газды 60 теңгеге дейін арзандату бастамасына қосылуға шақырамын", – деп жазды Facebook қолданушысы Серік Бақтыбайұлы.
Ол оқиға орнынан тікелей эфир түсірген.
Наразылық білдіргендердің бір тобы жолды жауып, автокөлік қозғалысына кедергі жасады. Маңғыстау облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасында оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"11:10 шамасында Жаңаөзендегі АХАЖ ғимаратының алдында газ бағасын төмендетуді талап еткен автокөлік иелері жиналды. Олармен қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, әкім орынбасары Жаңабай Аймағамбетов пен құқық қорғау органының қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Наразылық білдіргендерге газ бағасын төмендетуге қатысты жұмыс пен "Бейбіт жиналыстар" жайлы заңды түсіндіріп, олардың әрекеті заңсыз екенін мәлімдеді. Заң бойынша митингке шығу үшін әкімдікке 5 жұмыс күні бұрын ескертілуі керек", - деп хабарлады басқармадағылар.
Әкімдік өкілдері жиналғандарға өз талаптарын жазбаша түрде жеткізуді ұсынды. Олардың сөзінше, түсіндірме жұмыстары әлі жалғасуда.
Маңғыстау облысы энергетика басқармасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Бердібек Қаратаев газ бағасының өсуіне қатысты пікір білдіріп, республика бойынша орта бағаның литріне 110 теңге екенін, ал Атырау облысында 115 теңге, Оралда 120 теңге екенін айтты.
"Қазіргі уақытта газ бағасы 95 теңгеден 115 теңгеге дейін жетеді. Бұрынғы 60 теңге деген баға енді болмайды, себебі нарықтағы газ бағасы 70-85 теңге. Бұған шығындар мен тасымалдау бағасы қосылмайды. Газ бағасын реттеуде әкімдік қатыспайды", – деп түсіндірді ол.