"Гарант 24" салымшыларына ақшасы қайтарыла ма?
Тергеу органдары "Ломбард 24", "Эстейт Ломбард" және "Выгодный заем" қаржы пирамидаларының құралытайшылары ұрлаған қаржыны қоса есептегенде жалпы мүлікті анықтау шараларын ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыстық істің жай-жапсары туралы үкіметте өткен брифингте ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда осы үш қаржы пирамидаcы бойынша 22 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 5 миллиард теңгеден астам сомаға материалдық шығын анықталған.
"Осы негізгі ЖШС-нің үш құрылтайшысына іздеу жарияланған, барлығы 9 адам іздестіріліп, 13 адам қамауға алынды. Негізгі міндеттердің бірі – бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, ақша қаражатын қайтару, қазір біз қаржы мониторингі комитетімен, прокуратура органдарымен толық жұмыс істеп жатырмыз, банк шоттары тексеріліп жатыр, және қосымша біз тәркілейтін барлық мүлікті қайтару мәселесін (салымшыларға) сот шешеді", - деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар, департамент бастығы бұған дейін пирамида жасаудың 30-дан астам фактісі тергелгенін, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.